Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың Азия ойындарында жеңіске жететіндігіне үміт артамыз - В. Сокирко

Оның айтуынша Ольга Рыпакова қазір жеке бағдарлама бойынша дайындалып жатыр.
«Өздеріңіз білесіздер, Ольга Лондон Олимпиадасынан кейін жарысқа шыққан жоқ. Алдағы Азия ойындарында тұңғыш рет жарыс алаңына шығады. Ол қазір жеке бағдарлама бойынша дайындалуда. Азия ойындарына дейін Ольга Еуропада өтетін Бриллиант Лигасына қатысады. Онда жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттеміз. Бірақ, алдағы қыркүйек айында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарында Ольганың жақсы нәтиже көрсететіндігі біз үшін маңызды емес. Біз үшін Ольганың алтын медальды жеңіп алғаны керек», - деді Вячеслав Сокирко.
Естеріңізге сала кетейік, Ольга Рыпакова 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасында үш қарғып секіру сайысынан 14 метр 98 сантиметрге секіріп, алтыннан алқа таққан болатын.
Енді, алдағы 25 тамыз күні жеңіл атлетикадан Ұлттық құрама команда (30 спортшы мен 9 жаттықтырушы) Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласына ұшады. Мұнда отандастырмыз соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізеді.