23:33, 21 Шілде 2023 | GMT +5
Олимпиада жүлдегері Софья Берульцева Азия чемпионы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Малайзияның Малакка қаласында WKF каратэден ересектер арасында өтіп жатқан XIX Азия чемпионатында Софья Берульцева жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, құрлықтық бәсекеге 31 елден 400-ге жуық татами шебері қатысуда.
Соның ішінде 19 қазақстандық каратэші ел намысын қорғауда.
Жарыстың алғашқы күні кумите бағдарламасында Токио олимпиадасының қола жүлдегері, ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева 68 келіден астам салмақта қарсылас шақ келтірмей, үздік шықты.
Тағы бір қазақстандық Дидар Әмірәлі финалда ғана ұтылып, күміс медальға ие болды. Кумитеде Жоламан Биғабыл (55 кг), сондай-ақ ката бағдарламасында Лия Қошқарбаева үздік үштікке ілікті.
Азия біріншілігі 23 шілдеде мәресіне жетеді.