Олимпиадаға лицензия алу жоспарымыз бар – стенд атудан ҚР командасының бас бапкері
Париж Олимпиадасына лицензиялар алу жоспарымыз бар. Бұл туралы стенд атудан Қазақстан командасының бас бапкері Сергей Колос Қытайдағы Азия ойындарында әйелдер командасының «алтын» алуына қатысты пікір білдірген кезде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азия ойындарында әйелдер командасы бірінші орын алды. Бұл – Қазақстан делегациясының алғашқы «алтыны». Қазіргі уақытта екі қызымыз финалға шықты. Олар: Әсем Орынбай мен Ольга Панарина. Олар финалда өнер көрсететін болады, мүмкіндік бар.
Туризм және спорт министрлігі жан-жақты қолдау көрсетті. Оқпен, сапарлармен, тіпті чартерлік рейспен де қамтамасыз етті. Мұның бәрі оң әсерін тигізді. Жоспарымызда Олимпиада лицензияларын жеңіп алу бар», – деді Сергей Колос еліміздің Туризм және спорт министрлігі ұсынған видеода.
Айта кетейік, бүгін Ханчжоуда (ҚХР) өтіп жатқан Азия ойындарында стендтік атудан Қазақстан әйелдер құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Кейін жеке сында тағы екі отандасымыз – Әсем Орынбай мен Ольга Панарина ақтық кезеңге өткені мәлім болды.