Олжас Бектенов ағаш отырғызу туралы: Әкімдік есептерінде көшеттердің жерсіну жайлы ештеңе айтылмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің орман қорын ұлғайту әкімдіктердің сапалы жұмысына және министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты екенін айтты.

«2027 жылдың соңына дейін біз тағы 1 миллиардтан астам көшет отырғызып, өсіруіміз керек. Бұл міндетті іске асыру толығымен әкімдіктердің сапалы жұмысына және министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты болмақ. Бірақ, әзірге қарқынды жұмыс байқалмайды. Мысалы, Ақмола және Жетісу облысында 3 жыл ішінде отырғызылған көшеттердің жерсінуі 60%-дан аспаған. Ағаш отырғызу әдістерін жақсартып, кешенді ғылыми тәсілдерді қолданса, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болар еді», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысының пайымдауынша, ағаш егу жұмыстары тиімсіз жоспарланған.
«Бүгінде алдағы жылдарға арналған көшеттермен қамтамасыз ету көлемі 90%-ға жетпейді. Жағдайды түзеу керек. Әкімдіктердің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмәнді ақпарат беру фактілері кездеседі, бірақ ағаш көшеттерінің жерсіну көрсеткіштері туралы ештеңе айтылмайды. Мұндай көзбояушылықтың жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керек», - дейді ол.
Бұған дейін Олжас Бектенов ел аумағында ағаш отырғызып, орманды алқапты ұлғайту жоспарының орындалу қарқыны жылдан жылға бәсеңдеп бара жатқанын тілге тиек етті.