Олжас Бектенов диқандарға жеңілдетілген отынның жеткізілуін бақылауда ұстауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемгі дала жұмыстары кезінде агротехнологиялық талаптар белгіленген нормаларға сәйкес мүлтіксіз орындалуға тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов айтты.

азс
Фото: Алина Төлеубева/Kazinform

- Мемлекет басшысының конституциялық реформасы елімізді одан әрі жаңғыртуға, оның ішінде экономиканың барлық саласын дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және импортқа тәуелділікті азайту өте өзекті мәселе. Қазіргі таңда басты міндет – егіс науқанын сапалы жүргізу, - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Қаражат бөлінді, фермерлерді техникамен және ресурстармен қамтамасыз ету шаралары қабылданды.

- Агротехнологиялық талаптар белгіленген нормаларға сәйкес мүлтіксіз орындалуға тиіс. Биыл 2,3 млн тонна тыңайтқыш себу және элиталық тұқымдардың үлесін 1,7 пайызға дейін жеткізу жоспары бекітілді. Аталған көрсеткіштерге толық көлемде қол жеткізу керек. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау шараларын уақтылы жүргізіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысын жалғастыру маңызды. Жеңілдетілген отынның жеткізілуін және оның мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстау қажет, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, биыл көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель арзандатылған бағамен беріледі.