Олжас Бектенов: Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстардың артуы бизнестің дамуына қолдау көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM – AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдап, Парламентке енгізгенін мәлімдеді.
«Базалық сценарий бойынша үш жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсімі 5,3 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге немесе 425,6 млрд долларға дейін өседі. 2026 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,5 пайыз деңгейінде белгіленсе, 2027–2028 жылдары тиісінше 1,7 және 0,9 пайызға дейін төмендейді», – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, салық реформасының нәтижесінде экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар 10,9 пайыздан 16,1 пайызға дейін артады.
«Соның арқасында біз бизнестің дамуына инфрақұрылымдық және қаржылық тұрғыда қолдау көрсете аламыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы тапсырғандай, бюджеттің әлеуметтік бағытын сақтап, қабылданған әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз етеміз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Үкіметтің елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатқанын айтты. Биылғы бірінші тоқсанда 6,6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға жоғары.
Инвестицияның негізгі бағыттары ретінде көмір және мұнай химиясы, дәнді дақылдарды терең өңдеу, сондай-ақ жабдықтар өндірісі айқындалған. Әрбір жоба бойынша өңір әкімдіктері аймақтардың салалық ерекшеліктері мен инфрақұрылымдық дайындығын ескере отырып, «инвестицияға тапсырыс» қалыптастырады.
«Өткен жылдың өзінде шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 1,3 млрд доллар болатын 45 жоба іске қосылып, 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жалпыұлттық пулда шамамен 144 млрд долларды құрайтын 1100-ден астам жоба бар», – деді Премьер-Министр.
Оның дерегінше, еліміздегі өнеркәсіп өндірісінің индексі 6,9 пайызға өскен, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 6,1 пайызға артқан. Негізгі өсімді машина жасау, азық-түлік, мұнай өнімдері және химия салалары қамтамасыз етуде. Биылғы жеті айда өңдеу саласының өндіріс көлемі 16,2 трлн теңгеге жетіп, өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі үлесі 47,3 пайызды құрады. Бұл – өндіру өнеркәсібінің үлесінен 1,4 пайызға артық көрсеткіш.
«Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде», – деді Үкімет басшысы.
Соңғы үш жылда елде полипропилен, ферросилиций, арнайы кокс, тұрмыстық техника, автомобиль шиналары, жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер өндірісі іске қосылды. Тыңайтқыштар, құрылыс материалдары, мұнай-газ жабдықтары мен дәрілік заттардың жаңа түрлерін шығару жолға қойылды.
Сонымен қатар жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құруға бағытталған 17 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында отандық шикізатты барынша пайдалану және қосалқы өндірістерді дамыту көзделген.
Темір-металлургия саласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша металл кендерін өндіру 7,8 пайызға, ал металл өндірісі 6,9 пайызға өсті.
Айта кетейік, Үкімет TURAN арнайы экономикалық аймақ территориясын кеңейтті.