Олжас Бектенов еңбек нарығындағы проблемалар мен қиындықтарды атады

Олжас Бектенов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Мемлекет басшысы биыл шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру міндетін қойды. Мұны ұлттық жобалар, сондай-ақ облыстардың инвестициялық жобалары және жеке бастамалар аясында жүзеге асыру керек. Биыл жыл басынан бері 353 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бұл – жоспардың тек 37 пайызы. Көріп отырғанымыздай, әкімдіктер жұмысты айтарлықтай күшейтуі қажет», - деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда еңбек нарығы бірқатар проблемалар мен қиындықтарға тап болып отыр. Олар кешенді тәсілді қажет етеді. 

«Олардың қатарында еңбек өнімділігінің төмендігін, жұмысшылардың кәсіптік деңгейінің сәйкес келмеуін, бейресми жұмыспен қамту үлесінің, әсіресе ауылдық жерлерде, жоғары екенін атап өтуге болады. Бизнес көбінесе тиісті біліктілігі бар кадрларды таба алмайды. Осы проблемаларды шешу мақсатында былтыр Еңбек нарығын дамытудың 5 жылға арналған түбегейлі жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Оның негізгі мақсаты адами капиталды дамыту, өнеркәсіптің барлық салаларында, ауыл шаруашылығында, саудада және қызмет көрсету саласында сапалы жұмыс орындарын құру болып табылады. Тұжырымдама аясында іске асырылатын барлық жобалар бойынша тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру қажет», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар