Олжас Бектенов газ өңдеу зауыттарының құрылысын апта сайын бақылауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Қашаған, Қарашығанақ кен орындары мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысын апта сайын бақылауға алуды тапсырды.

Олжас Бектенов газ өңдеу зауыттарының құрылысын апта сайын бақылауды тапсырды
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Премьер-министр газ саласын дамыту мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігіне, экономиканың инвестициялық тартымдылығына және халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

— Осы ретте Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында және Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу қуаттарын салу жобаларының маңызы ерекше. Дәл осы нысандар ішкі нарыққа қажетті тауарлық газ өндірісін ұлғайтып, мұнай-газ химиясын дамытудың драйвері болуы тиіс. Сондықтан Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қорына және QazaqGaz компаниясына аталған нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстарына апта сайынғы негізде бақылау жүйесін енгізуді тапсырамын., — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, жаңа кәсіпорындарды іске қосу, инвестициялар тарту және өнеркәсіп әлеуетін арттыру үшін газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуі қажет.

Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті.