Олжас Бектенов мемлекеттік-жекешелік әріптестікті басқаша жүргізуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқолыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесін өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олжас Бектенов мемлекеттік-жекешелік әріптестікті басқаша жүргізуді ұсынды

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік кезінде кәсіпкердің инвестициялық шығындары өтеледі. Негізі, ондай жүйенің мердігерліктен еш айырмашылығы жоқ. Бір өзгешелігі, ол шығындарды асықпай қайтаруға мүмкіндік бар. Сол жағынан мемлекетке тиімді шығар. Бірақ инвестициялық шығындарды өтеу мерзімі қысқа болса, несі тиімді? Мәселен, үш жыл дейік, кәсіпкер келіп, өз ақшасын салады. Ал үш жылда оның барлық шығындарын маржамен бірге қайтару қажет. Оған қоса, салынған нысан кәсіпкердің өзінде қалады», - деді О.Бектенов «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында.

Оның ойынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұстары екі жаққа да ортақ болуы қажет. «Мысалы, біз былай істедік, алдымен күрделі жөндеуді қажет ететін балабақшалардың тізімін жасап шықтық. Сосын бизнесмендерге жөндеу жұмыстарын жасауды ұсындық. Олар ол шығындарды өз мойнына алды. Соның орнына біз мемлекеттік тапсырысты ұзартып бердік. Меніңше, бұл өзара тиімді серіктестік. Ал инвестициялық шығындарды өтейтін болсақ, өзара тиімді әріптестіктің болуы екіталай. Мәселен, мемлекет өз тарапынан инфрақұрылымды тартып береді. Бизнес болса, өз ақшасына нысан салады. Міне, өзара тиімді мемлекеттік-жекешелік серіктестік деп осыны айтуға болады», - деп атап көрсетті О.Бектенов.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында әкімшілік кедергілер де аз емес. Ал шенеуніктер барлық жұмысты оп-оңай қағазбастылыққа айналдырып жібере алады. Сөйтіп, кәсіпкердің инвестициялық шығындары да, операциялық шығындары да өтелмей қалуы мүмкін. Оған қоса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік конкурстары әлі күнге дейін қағаз жүзінде өткізіледі. «Мен бұл мәселені жақсы білемін. Өйткені облыс әкімінің орынбасары болғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелерімен айналыстым. Шыны керек, шешілмей жатқан проблемалар баршылық. Мәселен, бүгінде мемлекеттік сатып алулар толығымен электронды түрде жүргізілсе, мемлекеттік-жекешелік әріптестік конкурстары әлі күнге дейін қағаз жүзінде атқарылады. Конвертті скотчпен орап әкеледі де, комиссия мүшелерінің талқысына салады. Ешқандай тәртіп жоқ. Ал тәртіп жоқ жерде сыбайлас жемқорлықтық қауіпі жоғары. Кәсіпкер маңызды бір жобаны іске асырамын десе де, шенеунік оны ары-бері жүгіртіп, барлық жоспарын жермен жексен етуі мүмкін. Себебі бизнесмен оның танысы да емес, туысы да емес», - дейді О.Бектенов.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов осы саладағы әкімдіктердің қитұрқы әрекетін ашып берді. Жергілікті билік органдары өз басымдығын пайдаланып, қосымша жеңілдіктерді шығарып алады. Содан мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тепе-теңдігі бұзылады. Өйткені кәсіпкерлерге артық шығын шығаруға тура келеді. Тіпті, бірлесіп жасаған жобаны тартып алу фактілері де бар «Мысалы, мен Павлодардан келген бір кәсіпкерді қабылдадым. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектеп салып шықты. Ішінде спорт зал да бар. Табысты жұмыс істеп жатқан мектеп дейді. Ақыры ол мектебін тартып алды. Енді, заңды түрде алып қойды ма, оны әлі зерделеп шығу керек. Ол кәсіпкер заңды бұзған шығар. Дегенмен, кәсіпкер бәрін өз ақшасына салды, мектепті құрды, артынан соның бәрін алып қойған дұрыс емес қой. Бір қызығы, дәл сол жерде бәрібір мектепті ашып отыр», - деді Қ.Сүлейменов.