Олжас Бектенов Оралда жергілікті кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты
ОРАЛ. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов БҚО-ға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге жергілікті кәсіпорындарда болды.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов «Кублей» ЖШС аумағында Мемлекет басшысының 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы 1 қазанға дейін жалпы өнім көлемі 240,5 млрд теңгеге жетіп, 5,8 пайызға артты. Соның ішінде мал шаруашылығының үлесі 60,7 пайыз болды.

Өңір климаты мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Батыс Қазақстан етті мал саны бойынша республикада 1-орында. Облыста жалпы сыйымдылығы бір мезгілде 45,6 мың мал болатын 16 бордақылау алаңы бар.

— Өнімдер қажеттілігін толық қамтамасыз ету мақсатында сүт бағытындағы ірі қара мал санын 35,2 мыңға, құс санын 6 млн дейін көбейту, дақылдар алқабын 8,3 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай қайта өңдеу үлесін 70 пайызға жеткізуді тапсырды. 2024 жылы 64,5 пайыз болса, биыл 67 пайызға жетеді деп жоспарланды. Мал шаруашылығында 35,9 млрд теңгеге 21 жоба, өсімдік шаруашылығында 14,4 млрд теңгеге 22 жоба және қайта өңдеу саласында 20,3 млрд.теңгеге 11 жоба жүзеге асырылады, — деді Қ. Айтмұхамбетов.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда майлы дақылдарды өңдеу, макарон шығару зауыты, құс фабрикасы, бордақылау алаңдарын салу, теріден мал азығына қоспа дайындау секілді ірі инвестициялық жобалар қолға алынбақшы.

Ал «Кублей» ЖШС директоры Талғат Берекешев кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне тоқталды.
— Отыз жылдан астам уақыт бойы мал өнімдерін терең өңдеумен айналысып келеміз. Осы кезеңде екі зауыт салдық. Қазіргі таңда 745 адам жұмыс істейді. Орташа айлық еңбекақы — 380 мың теңге. Айына 300 млн астам теңге салық төленеді. 200-ден астам өнім түрін шығарамыз. 2026 жылдан бастап киік етінен консерві жасамақпыз. Күні бүгін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өнімдер Қырғызстан, Ресей, Түркия, Иран, Тәжікстан сияқты елдерге экспортталады, — деді Т. Берекешев.

Премьер-министр QazExpoCentre-Pipe кәсіпорнында болған кезде БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов өнеркәсіп саласында барлық көрсеткіштер бойынша оң ілгерілеу бар екендігін атап өтті.

— Соңғы екі жылда 1,4 трлн теңге инвестиция тартылса, соның 72 пайызы — жеке инвестициялар. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тартылған тікелей шетелдік инвестиция 1,1 млрд долларға жетті. Бұл жөнінен Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші орында тұрмыз, — деді Т. Каюпов.

QazExpoCentre-Pipe басшысы Ләззат Есекеева отандық кәсіпорынның әлеуетін көтеру бағытында жоғары технологияға негізделген тың жобалардың қолға алынатынын жеткізді.
Осы орайда Олжас Бектенов кәсіпорындар басшыларының ұсыныс-тілектері зерделеніп, өндіріс орындарына Үкімет тарапынан қолдау болатынын айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бектеновтің Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысын тексергенін жазған едік.