Олжас Бектенов отандық машина саласын дамыту бойынша тапсырма берді
АСТАНА. KAZINFORM –«Самұрық-Қазына» қорына 2025 жылдың соңына дейін сатып алу рәсіміндегі жергілікті қамту үлесін 89%-ға дейін арттыру тапсырылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты.
«Отандық өндірушілерді қолдау үшін біз бірқатар машина жасау тауарларын мемлекеттік сатып алу тізімінен шығардық. Осыған қарамастан, мердігер ұйымдардың жасырын түрде импорттық тауарларды сатып алу фактілері жалғасуда. Сондықтан Өнеркәсіп және Қаржы министрліктеріне жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық үлес талаптарының орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырамын. Сонымен бірге, Премьер жабдықтардың тозу деңгейін төмендетуді тапсырды. Машина жасауда бұл көрсеткіш орта есеппен 40%-ға жуықтайды. «Машина жасау кәсіпорындары өндірісті жаңғыртып, тауарлардың жаңа түрлерін шығару үшін жеңілдікті несиелермен қамтылуға тиіс. Өнеркәсіп, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және «Бәйтерек» холдингіне мақұлданған қаржы-экономикалық негіздемелер шеңберінде машина жасаудағы жобаларды қосымша қаржыландыруды тапсырамын», - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры және оның еншілес ұйымдары – отандық машина жасау саласы өнімдерінің ірі тұтынушыларының бірі. Биылғы жыл қорытындысы бойынша холдингтің сатып алу рәсіміндегі жергілікті қамту үлесін 82%-ға дейін ұлғайту күтілуде.
«Самұрық-Қазына» қорына 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 89%-ға дейін арттыруды тапсырамын. Кәсіпорындарды қолдау үшін әрі қарай да оффтейк және ұзақмерзімді келісімшарттар механизмін пайдалану керек. Мұндай шарттарды бекіту кезінде бизнестің қарсы міндеттемелерін көздеу қажет. Олар локализациялау деңгейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта кәсіпорындар ашуға баса назар аударуға тиіс. Бұл машина жасау саласымен қатар, бүкіл өнеркәсіптің өсуіне мультипликативтік әсер береді», - деді Премьер-Министр.