Олжас Бектенов іске асырылу мерзімі созылып кеткен таза ауыз су жобаларын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл халқын таза ауыз сумен қамтуы тиіс кейбір жобалардың іске асырылу мерзімі созылып кеткеніне назар аудартты.

ауыз су
Фото: Үкімет

- Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Соколов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстары және Ақмола облысындағы Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына дейін су құбырын тарту жобасы. Оның себебі неде және қандай жұмыстар атқарылып жатыр?, - деп сұрады Олжас Бектенов Су ресурстары және ирригация министрінен.

Сауалға жауап берген Нұржан Нұржігітов оның негізгі 2 себебі бар екенін айтады. Біріншіден, жылдан жылға бюджет тарапынан қаржы толық көлемде бөлінбейді. Екіншіден, мердігерлер жұмысты сапасыз атқарады және уақытылы істемейді.

- Сіз атаған 2 жобаға Ұлттық қордан 5,8 млрд теңге бөлінді. Биыл арнаулы қордан қосымша 5,5 берілді. Соколов жобасы бойынша қосымша 600 млн теңге жетіспейді. Мердігерлермен жұмыс істедік, кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Биыл көп жұмысты аяқтаймыз. Келесі жылы қабылдау жұмыстарын жүргіземіз, - деді министр.

- Қаражат бөлінді, бәрін тездету керек. Уақытылы іске қосу қажет, - деп нақтылады Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында су шаруашылығына қатысты мәселелер талқыланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар