Олжас Бектенов Ташкент форумында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM -Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов V Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысып, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қабылдауында болды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

V Ташкент халықаралық инвестициялық форумы
Фото: Үкімет

Кездесу барысында Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді. Екі ел арасындағы өзара іс-қимыл сенімге, өзара түсіністікке және бауырлас халықтар арасындағы берік достыққа негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жарқын үлгісі екені атап өтілді. Екі мемлекеттің басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беріп отырғаны айтылды.

Қазақстан - Өзбекстан
Фото: Үкімет

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі 16,2%-ға артып, $4,8 млрд-қа жетті. Биылғы қаңтар-сәуір айларында екіжақты тауар айналымы $1,9 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 42,1%-ға артық.

Бектенов - Мирзиеев
Фото: Үкімет

Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіп кооперациясын кеңейту, көлік-логистика саласындағы өзара ықпалдастықты нығайту, сондай-ақ энергетика, су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударылды.

Форум жұмысына Өзбекстан мен Албания президенттері, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстан үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ бизнес, халықаралық даму банктері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында тұрақты экономикалық даму, инвестициялар тарту және инновациялар енгізу мәселелері талқыланды.

Форумда сөз сөйлеген Олжас Бектенов Қазақстан Орталық Азияның экономикалық әлеуетін ашу мақсатында өңір елдері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуді қолдайтынын атап өтті.

V Ташкент халықаралық инвестициялық форумы
Фото: Үкімет

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан институционалдық реформалар орнықты әртараптандырылған экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Инвестициялық ахуалды жақсартуға және іскерлік белсенділікті арттыруға ерекше назар аударылуда. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында әділетті әрі қуатты мемлекет құрудың берік негізі қаланып, бұл еліміздегі іскерлік ортаны одан әрі жетілдіруге және инвестициялық тартымдылықты арттыруға қосымша мүмкіндік жасайды.

Қазіргі таңда 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы жаңартылды. Шетелдік капитал тарту көлемін кеңейту үшін Kazakh Invest ұлттық компаниясының басым нарықтарға қатысуы күшейтілуде. Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бизнестің заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін елде болу шарттарын жеңілдетуді көздейтін «Altyn Visa» жаңа арнайы визалық режимі енгізілуде. Бірлесіп қабылданған бұл шаралар инвестициялық белсенділікті ынталандыруға және Қазақстандағы жоғары технологиялы жаңа салалардың дамуын жеделдетуге бағытталған.

V Ташкент халықаралық инвестициялық форумы
Фото: Үкімет

ҚР Премьер-министрі цифрлық технологиялар мен ЖИ саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Қазақстан жаңа буынның IT-экожүйесін белсенді қалыптастыруда: екі суперкомпьютер пайдалануға берілді, Аlem.аі халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналуға бағытталған «ДӨО алқабы» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны дамытуға әлемдік IT алпауыттары – Firebird және NVIDIA қазірдің өзінде $10 млрд көлемінде инвестиция салып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан мен IT-алпауыттары ЖИ саласында $10 млрд-тық келісімдерге қол қойды.