Олжас Бектенов. Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны тежеу жоспарын әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында алдағы үш жылдағы экономикалық өсім көрсеткіші биылғы көрсеткіштен неге төмен белгіленген түсіндірді.

— Қаралып отырған бюджет жобасында экономиканың өсу қарқыны 5 пайыз деп белгіленген. Бұл биылғы 6 пайыздық өсім қарқынынан төмен. Мұны 2025 жылдың жоғары базасымен байланыстыруға болатын шығар. Дегенмен экономиканың өсімі қазірдің өзінде шегіне жақын. Алдағы үш жылға жоспарланған экономиканың өсу қарқының төмендеуіне қандай факторлар әсер етті, — деп сұрады депутат Берік Бейсенғалиев.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл Үкіметтің консервативті болжамдарымен байланысты екенін айтады.
— Расында да бюджетті жоспарлау кезінде біз консервативті тәсіл қолданамыз. Соңғы үш жылда экономикамыз тұрақты өсіп келе жатыр. 2023 жылы 5,1 пайыз болса, былтыр 5 пайызбен өстік. Биыл өсу қарқыны жоғары болып тұр. Бірақ жалпы әлемдегі ахуалды қарайтын болсақ, әлемдік экономканың орташа өсімі 3 пайыз болып тұр. Ал бізге өте маңызды ірі көршілеріміздің экономикалары да бау өсіп жатыр. Сондықтан біз Үкімет тарапынан тұрақты, қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салып жатырмыз. «Бәйтерек» холдингі арқылы ауқымды бағдарлама іске қосылды. Жалпы мөлшері — 8 трлн теңге, — деген Үкімет басшысы аталған қаражат маңызды инвестициялық жобаларға салынып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, ол қазіргі инфляция деңгейі Қазақстан экономикасына ауыртпалық түсіріп тұрғанын мойындады.
— Бізге макроэкономикалық тұрақтылық өте маңызды. Бірінші кезекте инфляцияны тежеу керек. Қыркүйектің қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейі 12,9 пайыз болды. Ол біздің пікірімізше, тым жоғары көрсеткіш. Оны төмендету керек. Осы бағытта Ұлттық банкпен бірлесіп, тиісті шаралар жоспарын дайындап жатырмыз. Дайын болған соң жақын арада халыққа жариялаймыз. Осы барлық факторларды есепке алсақ, жоспарланған өсу көрсеткіштері дұрыс, теңгерімді деп ойлаймыз, — деді Премьер-министр.
Осы отырыста Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдің 2026 — 2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.