Олжас Бектенов бір апта ішінде ет экспортын арттыру жөнінде нақты шаралар әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір апта ішінде мал шаруашылығын одан арты дамыту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Олжас Бектенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өтіп, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі бір апта ішінде ет өндірісі мен экспорты көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралармен бірге мал шаруашылығын одан ары дамыту бойынша ұсыныстар енгізсін.

Егіншілерді тікелей субсидиялаудың орнына жеңілдетілген несие беру тетігі өзінің тиімділігін көрсеткенін айта кету керек. Министрлік «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, осыған ұқсас ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейтуді жалғастыруға тиіс, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, кеше «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды

Онда Президент мал шаруашылығын дамыту керектігін айтты.

- 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды. Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қалаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар