Оман Иран елшісіне наразылық нотасын жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Оман ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарынан кейін Иран елшісін шақырып, оған наразылық нотасын табыстады, деп хабарлайды Анадолы.
Оман билігі Маскаттағы Иран елшісі Мұса Фархангты Сыртқы істер министрлігіне шақырып, Мусандам және Әл-Уста провинцияларындағы бірқатар нысанға жасалған дрон шабуылдарына байланысты ресми наразылық нотасын тапсырды.
Оман СІМ мәліметінше, әкімшілік және қаржы мәселелері жөніндегі сыртқы істер министрінің орынбасары шейх Халид бен Хашиль әл-Муслахи ирандық дипломатпен кездесу өткізген.
Кездесу барысында иран тарабына Мусандам және Әл-Уста провинцияларындағы нысандарға жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққыларына байланысты ресми наразылық нотасы жолданды.
Әл-Муслахи Маскаттың аталған шабуылдарға алаңдаушылық білдіретінін айтып, мемлекеттердің егемендігін, тату көршілік пен ішкі істерге араласпау қағидаттарын сақтауға, сондай-ақ Оман мен Иран халықтарын байланыстыратын ортақ дәстүрлерді, тарихи байланыстар мен құндылықтарды құрметтеуге шақырды.
Бұған дейін Оман билігі Мусандам және Әл-Уста провинцияларындағы бірнеше нысанның камикадзе-дрондардың шабуылына ұшырағанын хабарлаған еді. Алайда шабуыл үшін жауапкершілік ресми түрде ешбір тарапқа жүктелген жоқ.
Осыдан бұрын Оман мен Иран Ормуз бұғазы бойынша келіссөздерді жалғастыруға келіскенін жазғанбыз.