Оман Сұлтаны Қазақстанның жасанды интелект саласындағы жетістіктеріне қызығушылық танытты

АСТАНА. KAZINFORM — Оман Қазақстанмен көптеген салада ауқымды инвестициялық және серіктестік мүмкіндіктерін көріп отыр. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид айтты.

Оман Сұлтаны Қазақстанның жасанды интелект саласындағы жетістіктеріне қызығушылық танытты
Фото: Ақорда

— Оман мемлекеті Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа айрықша мән береді. 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап елдеріміз достыққа, өзара сыйластыққа және сындарлы өзара іс-қимылға деген ортақ ұмтылысқа негізделген берік байланыс орнатты. Бүгін бізде осы мықты іргетасқа сүйене отырып, анағұрлым стратегиялық әрі нақты нәтижеге бағытталған әріптестікке қадам басуға тамаша мүмкіндік бар, — деді мәртебелі мейман.

Оман Сұлтанының айтуынша, жоғары деңгейдегі өзара сапарлар, Оман-Қазақстан бірлескен комиссиясының жұмысы және 2025–2026 жылдарға арналған «Жол картасын» жүзеге асыру ынтымақтастықтың ауқымды салаларын ілгерілету үшін сенімді негіз қалады.

— Алға ілгерілеу барысында экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық осы жаңа кезеңнің басты айқындаушы ерекшелігі болып қалуы тиіс. Бұл байланыстарды нығайту арқылы біз өзара тиімділік пен ұзақмерзімді серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша аламыз. Оман Қазақстанмен көптеген салада ауқымды инвестициялық және серіктестік мүмкіндіктерін көріп отыр. Оның ішінде энергетика және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі, көлік және логистика, қаржылық қызметтер, туризм, технологиялар және жасанды интеллект салалары бар. Біз мемлекеттік инвестициялық қорларымызды, жеке секторды және бейінді мемлекеттік құрылымдарымызды біріктіретін бірлескен жобаларды дамытуды құптаймыз, — деді ол.

Мәртебелі мейман Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық географиялық орынға ие екенін, ал Оман Парсы шығанағы, Үнді мұхиты, Азия және Африка аймағындағы негізгі нарықтарға тікелей теңіз қатынасын қамтамасыз ететінін айтты.

— Осы бір-бірін толықтыратын артықшылықтарды пайдалану екі ел үшін де экономикалық өсімге жол ашып, қосымша зор құндылық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан біз көлік және логистика саласындағы, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін құру, сондай-ақ екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту бойынша ынтымақтастықты ілгерілетуге ниеттіміз. Болашаққа көз жүгіртсек, қаржы секторы да әріптестікті тереңдету үшін зор әлеуетке ие. Оманда «Оман халықаралық қаржы орталығы» құрылып жатқан тұста, біз тәжірибе алмасу және институционалдық серіктестікті дамыту үшін мол мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Дәл сол сияқты, Қазақстанның цифрлық трансформация және жасанды интеллект саласындағы жетістіктері болашақ ынтымақтастығымыздың маңызды өзегі бола алады, — деді Хайсам бен Тариқ Әл Саид.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын құрамда келіссөз жүргізді.