Омарташы неге грант ала алмады? - Ақтөбе облысы
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қандыағаш қаласының тұрғыны Құбайдулла Шеке биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатындағы гранттан қағылды. Ауданда бал шаруашылығын қолға алған зейнеткерлік жастағы жеке кәсіпкер мемлекеттің қолдауына қол жеткізе алмай, бастаған кәсібінің тұралап қалғандығына қынжылады, деп жазады Ақтөбе газеті.
Жеке кәсіпкер Құбайдулла Шеке бал өндіру шаруашылығымен шұғылдануға өткен жылы ниет еткен. Бизнес жобасын әзірлеп, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік грант үлестірілетін байқауға қатысуға талаптанып көреді. Алайда, уақыт жағынан үлгере алмай қалғандықтан жылына бір мәрте ұйымдастырылатын байқауға ол биыл тағы да қатысып, бағын сынап көреді.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімі арқылы ауданнан ұсынылған жалғыз әрі маңызды жоба болғандықтан, жеке кәсіпкер мемлекеттік грант алатындығына сенімді болатын. Тіпті қарызданып тапқан қаражатына Ресейден бал араларын әкеліп, шаруашылығына кірісіп кетеді. Бірақ, өкінішке қарай, облыстық комиссия қорытындылай келе оның бизнес-жобасын өткізбей тастайды.
- Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмас Салықбаевпен бірге барып байқауға қатысты құжаттардың барлығын ретімен тапсырдық. Облыс бойынша ұсынылған жобалардың ішінде бал өндіретін шаруашылық тек менде ғана болды. Бұл жобамның құны 2 миллион 800 мың теңгеге шықты. Құжаттарымды қабылдап алған комиссия мүшелері ақырына дейін мені мемлекеттік грант алатындығыма сендіріп бақты. Қолға алатын кәсібімнің бастамасын бастап қойғаннан кейін, байқаудың қорытындысын көріп көңілім түсті. «Міндетті түрде өтеді» деген бизнес-жобам мақұлданбай, мемлекеттік гранттан қағылдым, - дейді Құбайдулла ақсақал.
Мемлекеттің «мырзалығына» қатты сенген зейнет жасындағы жеке кәсіпкер енді алған қарыздарын қалай жабатындығын уайымдаумен әлек. Ал көрші елден алдырған араларын үйіндегі тозығы жеткен сандықтардан ұя жасап ауласында ұстап отыр.
- Үкімет тарапынан кәсіпкерлерді және кәсіпті жаңа бастап жатқандарды мейлінше қолдау қажет деп жатады. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен ұйымдастырылған байқаудың да мақсаты сол. Алайда, мұның барлығы мен үшін бос сөз сияқты көрінді. Құжаттарды қабылдаған облыстық комиссия адамды әлекке салмай тоқетерін бірден айтпады. Керісінше, «мемлекеттік грантты аласың» деп үміттендіріп қойды. Жеме-жемге келгенде шығынға батырды. Бірнеше жерден несие алып едім. Енді қарыздарымды немен жабарымды білмеймін. Отбасымызбен жалғыз зейнетақыға қарап отырмыз, -дейді ол.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметі бойынша биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған аталмыш байқаудың шешуші сәтінде облыс бойынша ұсынылған жобалардың 12-сі қабылданып, мемлекеттік гранттар Ақтөбе қаласы мен Алға, Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би, Қарғалы, Ойыл, Темір аудандарының тұрғындарына бұйырды. Өткен жылы аудан үшін бірде-бір маңызды бизнес-жоба ұсынылмағандықтан, Мұғалжар ауданы бұл байқауға қатыспаған болатын. Тек 2014 жылы ғана ауданнан ұсынылған бір жоба мақұлданып, жеке кәсіпкер Мейірбек Құрманалин грантты жеңіп алды.
Ал биыл қатысқан жеке кәсіпкер Құбайдулла Шекенің жолы болмады. Әбден әбігерге салынған жеке кәсіпкердің шарасыздықтан бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Бірақ нәтиже болмай тұр.
Әнуар ЕСҚАРА,
Мұғалжар ауданы