Омбудсмен өкілдері іс-сапармен Талдықорғанға ат басын тіреді
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А. Шәкіровтың тапсырмасы бойынша Ұлттық орталықтың қызметкерлері 24 - 25 сәуір аралығында Талдықорғанда болып қайтты.
Омбудсмен өкілдері сапар барысында «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ өкілінің қатысуымен «Айналайын» балалар үйі», «Жасөспірімдер үйі», «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы», «Қамқор» жүйке ауруларға шалдыққан балаларға арналған медициналық әлеуметтік мекеме», «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған облыстық оңалту орталығы», «Нашар еститін және саңырау балаларға арналған облыстық мектеп интернат», «Облыстық балалар ауруханасы» мемлекеттік мекемелерінде, «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ оқу өндірістік кәсіпорнында болды.
Аталған мекемелерге бару кезінде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім және мүмкіндіктері шектеулі балалардың жеткілікті өмір сүру деңгейі, білім алуы, денсаулықтарының сақталуы, әлеуметтік қамтамасыз етілуі, ақпарат алу құқықтары, демалысқа, мәдени өмірге қатысуға құқықтары қаншалықты сақталатындығы зерттелді.
Омбудсмен өкілдерінің талдауы көрсеткеніндей, облыстың алшақ аудандарында тұратын балалар Талдықорған қаласындағы облыстық балалар ауруханасына бару кезінде медициналық қызметтерді алуда қиындықтар көреді. Ауруханада Талдықорған қаласындағы балалардың 80 пайызы емделетінін ескерсек, мұнда қосымша аурухана ашу қажеттігі туындап отыр.
«Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ-ның Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорны аса алаңдаушылық тудырды. Жеңіл өнеркәсіп аталмыш кәсіпорынның негізгі қызметі болып табылады. Мекеменің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді, қысқы мерзімде сумен, жылумен жабдықтау жүйелері жоқ, тігін жабдықтары қанағаттанарлықсыз жағдайда», - делінген делегацияның қорытынды құжатында.
Аталған мекемелер басшыларының назары өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін үнемі арттыру маңыздылығына және олардың адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы халықаралық құжаттарда және ұлттық заңнамаларда бекітілген нормаларды сақтауына аударылды.