«Омега» зауытында жаңа жобаларды жүзеге асыруға болады – Мәжіліс депутаттары түйген ой осындай

АЛ. 6 тамыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 4 тамыз күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елена Тарасенко мен Шавхат Өтемісов «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асланбек Сарқұловпен бірге Орал қаласындағы «Омега» прибор жасау зауытында болып, жұмыс барысымен және жаңа жобалардың жайымен танысты.

«Омега» зауытында жаңа жобаларды жүзеге асыруға болады – Мәжіліс депутаттары түйген ой осындай

Қырық жылдан астам тарихы бар өндіріс ошағын сонау кеңестік заманда-ақ электронды автоматты жүйелерге байланыс құрылғыларын, темірден түрлі құрамалар жасап, аспаптарға дәлдік механизмді тетіктерді жасауға маманданған болатын. Қазір мұнда 168 адам жұмыс істейді. Зауыттың бас директоры Азамат Жуаспаевтың айтуынша, бос тұрған төртінші цехтың аумағы 36 шаршы метр. Оны жөндеуге, төбесін, қабырғаларын қалыпқа келтіруге 300-400 млн. теңге қажет. Инфрақұрылымы, жылуы бар. Жақында Түркиядан инвестор келіп, жағдаймен танысып, цехты жөндеп, осында жеңіл бронды техника, инкассациялық және әскери машиналар шығаруға ниет білдірген. Қазір зауыт "Қазақстан теміржолы" ҰК" АҚ-ның, ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырыстарын орындап отыр. "Таза су" қондырғыларына бес тапсырыс түскен. Жоғары дәлдікті қажет ететін өнімдерді шығаруға маманданған кәсіпорын темір жол локомотивтеріне жылдамдықты өлшейтін құрылғының дәлдікпен жасалатын бөлшегін шығаруда. Биыл кәсіпорын ҚР Қорғаныс министрлігімен 45 млн. теңгеге келісімшарт жасаған. Министрліктің тапсырысымен 1 мың дана «ТАП» маркалы далалық телефон аппараты жасалуда. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінен 500 млн. теңге көлемінде таза су қондырғыларына тапсырыс алған.

-Зауыттың келешегі зор. Білікті мамандары сақталған. Алдағы үш жылда "Қазақстан теміржолы» компаниясында төрт жоба жүзеге асырылады. Әр жобада қазақстандық үлес болуы тиіс. Жыл сайын кесте бойынша ол 20 пайыз игерілу керек. Тек теміржол саласының өзінен бізге біраз тапсырыстар болатыны көрініп тұр. «Таза су» бағдарламасы бойынша да болашағымыз бұлыңғыр емес. "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша жыл сайын 90 млрд. теңге бөлінеді. Оның 90 пайызы су құбырын тартуға жұмсалады десек, қондырғыларды жасауға 500 млн. теңге бөлініп жатса, біздің кәсіпорынға үлкен көмек болады. Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарына қондырғы шығарудамыз. Қазір Қостанай, Қарағанды облыстарымен келіссөздер жасалуда. Жаңа тапсырыстар алу, іскерлік байланыс орнату үшін еліміздің аймақтарын араламақпыз, - деді Азамат Жуаспаев.

Зауыт келешегінің көзірі - ИФС, яғни инфрадыбыспен емдеу құрылғысы жобасы. Құрылғы ультра емес, инфрадыбыс арқылы кейбір ауруларды емдеу шарасын жүргізуге арналған. Әлемде мұндай дыбыспен емдеу қолға алынбаған. Адам ағзасының 90 пайызы судан тұратынын ескерсек, судың молекулярлық бөлшектерінің көмегімен жұмыс істейтін аппарат адамды сауықтыруға көмектеседі. Онымен сүйек-буын ауруларын емдеуге Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген. Бұл жоба сынақтан Қарағандыда табысты өткен. Екі ай бұрын Парламент Мәжілісіндегі батысқазақстандық депуттардың көмек-қолдауымен министрлікте таныстырылымы болған. Қазір оның дизайнын жетілдіру қолға алынуда. Қазақстан бойынша тапсырыс болса, дейді омегалықтар. ИФС жобасы іске асса, 50 адамға жұмыс ашылады.

-Бұл аппаратты шығару жолға қойылса, онда дәрі-дәрмексіз және ота жасамай-ақ кейбір ауруларды жазып алуға болады, - деді Шафхат Әнесұлы. - Бұл қондырғы мемлекеттік тізімге алынған, патенттелген. Оған тапсырыстар жекелерден түсуде. Қондырғыны әлемдік нарыққа шығаруға жол ашық. Көлемі үлкен емес, ал бағасы 4,5 млн. теңге.

«Омега» - ҚР Қорғаныс министрлігімен де серіктес. "ТАП-2" телефон аппаратын шығаруда. Әскерилерге түймелі аппарат қажет, сондықтан ресейліктермен бірігіп, аппаратты жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Зауыттың ендігі күтетіні алдағы жылға Қорғаныс министрлігінің тапсырысы. Негізі бұл бірлескен өнім болады. Қазір кеден одағы құрылды, ресейліктерден бөлшектер алудың еш қиындығы жоқ, десті депутаттар әңгіме барысында. "Кез келген өнім өндіруші нарық аясын кеңейтуге мүдделі. Сондықтан ресейліктерге қазақстандық нарыққа біздің зауыт арқылы ену оңай. 2011 жылы облыс бойынша сумен қамтуға қатысты бес жоба жасалды. Бұған 150 млн. теңге бөлінді. "Омеганың" таза су қондырғысына бәсекелес бар. Ендігі мәселе, бұл бағдарламаға толыққанды қатыса алмай отырғанымыз. 2009 жылы зауыт жобаға қатыса алмай қалды. 2012 жылы таза су қондырғыларымен сумен қамту бағдарламасына қатысуға ниеттіміз. 100 млн. теңгедей тапсырыс алсақ, жарады. ОҚО-да 250 су тазарту қондырғымыз қойылды. Оның бәрі қалыпты жұмыс істеуде.Өз облысымызды жергілікті қондырғымен қамтамасыз етпейтініміз қолайсыздау,» - деді бас директор.

-Бұл зауыт облыс экономикасының көшбасшысы болды. Қиын жылдардың табы кәсіпорын тірлігіне кері әсер етті. Бүгінде зауыт «тіріліп» келеді. Тапсырыстар түсуде. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Жалақы уақтылы төленеді. Бастысы, мұнда инновациялық жоба жасақталуда. Елбасы абсолютті инновацияны табу жөнінде тапсырма берді. Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама қабылданып, жүзеге асуда. Зауыттың ИФС өнімін инновациялық өнімге жатқызуға болады. Авторы, алматылық ғалым В.Казаков бұл қондырғыны шығаруға жеті жыл өмірін арнаған. Медициналық қондырғылардың барлығы елімізге шетелден әкелінеді. Ал өзіміздің төл қондырғымыз мүлдем жоқ. Сондықтан бұл жоба Қазақстанда жүзеге асса, өнімді әлемдік нарыққа шығауға жол ашық, - деді Шавхат Өтемісов.

Қазір кәсіпорын инвесторға "сусап" отыр. Зауыттың төртінші корпусы бос тұр. Тиімді жобалар табылып жатса, жаңа ғимарат салуға қаржы шығындамай, зауыттың бос цехтарын пайдалануға болатыны әңгіме барысында айтылды.

Ақтөбе қаласында рентген аппараты шығарылады. Ал омегалық рентген аппаратының бағасы 30 пайызға ұшынып тұр. Омегалық жаңа өнімді алып жүруге үйді-үйге апаруға, пайдалануға жеңіл, мобильді түрлері бар. Бүгінде оның үшеуі жасалған. "КАРС" рентген аппаратының Қазақстан бойынша 12-ісі шығарылып, қолданылуда. Біздің облыс ауруханаларында оның екеуін пайдаланылып отыр. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаға «Омеганың» қондырғысын енгізер болса, зауытқа қолдау болар еді. Бұл қондырғы ауруды 90 пайыз анықтайды. Оның зияны ақтөбелік аппараттан 100 есе кем. Ақтөбелік аппарат ауруды 70 пайыз анықтаса, гамма, бетта сәулелерімен ағзаның зақымдануы 100 пайыз. Шетелдіктер Шығыс Еуропа, дамушы елдер мұндай көрсеткішті рентген аппараттарын пайдаланбайды. Ақтөбе зауыты оны 1968 жылдан бері шығарады. Ал мына омегалық рентген аппараттарының болашағы зор әрі халық ден саулығына пайдалы.

Елена Тарасенконың пікірінше, зауытта қолға алынған жобаларды толық қолдауға болады.