Өмірзақ Шөкеев Алматы облысының Балқаш ауданында сапарда жүр

Сапар барысында Ө.Шөкеев «Динара-Ранчо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Атап айтқанда, ол үйрек-қаз өсірілетін құс фермасында болды. Қазіргі таңда бұл шаруашылықта «Эгденский» тұқымдас 1600 бас ана қаз, бейжің тұқымының 900 бас аналық үйрегі, сондай-ақ 10 мың қаз жұмыртқасына арналған инкубатор бар.
Одан кейін Ө.Шөкеев «Динара» өндірістік кооперативінің машина-трактор шеберханасында болып, ондағы техникалармен танысты. Серіктестіктің 54 ауыл шаруашылық техникасы бар, оның 31-і - тракторлар.
«Динара-Ранчо» ЖШС-нің ірі қара мал ұстайтын кешенінің директоры Ерік Ахметов вице-министрді кешеннің жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, серіктестік - «герефорд» тұқымды ірі қара мал өсірілетін асыл тұқымды зауыт және қазақтың ақбас сиырын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық болып табылады. Шаруашылықта 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау кешені бар.
2010 жылы шаруашылық Канададан «Герефорд» тұқымының 400 бас сиырын әкелген болатын.