Өмірзақ Шөкеев қатысқан кеңесте суармалы жерлердің проблемаларын шешу мәселесі қаралды

Бұл жоба елдің оңтүстігіндегі суармалы егін шаруашылығының ең өзекті проблемаларының бірін шешеді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен Шымкентте өткен кеңесте бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орман мәлім етті.
«Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданының суармалы жерлеріне Шардара су қоймасынан су айдау» жобасының негізгі мақсаты - негізінен мақта, жеміс және көкөніс өнімдері өсірілетін 86 мың гектардан астам алқапты суармалы сумен кепілдікті қамтамасыз ету болып табылады. Шардара су қоймасынан сорғылармен «Достық» республикааралық арнасына жылына 200 миллион текше метрден 400 миллион текше метрге дейін су айдалатын болады. «Бұл, су жетіспеген жағдайда қолданылатын біздің резервтік жоспарымыз», - деп атап көрсетті Ө.Шөкеев өз сөзінде.
Мақтаарал ауданының егістіктері бір ғана көзден - «Достық» арнасынан толық суарылады. Ал ол арнаға су тікелей көрші Өзбекстаннан келеді. Және жыл сайын жаз айларында су проблемасы туындап жатады. Енді осындай жағдай тағы қайталанса, суды арнаға сорғылармен Шардара су қоймасынан айдауға болады.
«Бас мердігер болып табылатын «Құрылыс» ЖШС құрылыс-құрастыру жұмыстарын жалғастыруда», - деп хабарлады А.Орман. Жұмысқа барлығы 22 субмердігерлік ұйым, 212 арнайы техника, 2 бетон зауыты, 823 адам жұмылдырылып отыр.