«Өмірге ғашықпын»: Толқын Забирова тыңдармандарына тосынсый дайындап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Толқын Забирова әнсүйер қауымды «Өмірге ғашықпын» атты шығармашылық кешіне шақырады. Эстрада және опера әншісі бұл жолы тыңдармандарына ерекше тосынсый дайындағанын айтады. 

«Өмірге ғашықпын»: Толқын Забирова тыңдармандарына тосынсый дайындап жатыр
Фото: Толқын Забированың инстаграмдағы парақшасынан

– Концертте бұрын есте қалған, хитке айналған, халықтың аузында жүрген әндердің көбі болады. Бірақ 70 пайыз жаңа әндерді енгізіп жатырмыз. Оның ішінде заманауи әндер де бар. Нео-классика бағыттарындағы өзім алып жүрген әндерімді шырқағалы жатырмын. Әзірге ол құпия болып қалсын. Келетін тыңдарманға осындай тосынсый жасағалы отырмыз, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әнші жас өнерпаздармен де бірлесіп жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

– Концертте менімен бірге өнер көрсететін әріптестерім Бағым Мухидинова, Жәмилә Серкебаева, Жұбаныш Жексенұлы болады. Жастардан Тұрар атты дарынды әншіні шақырдым. Бұл мен үшін жаңа эксперимент болды. Негізінде мен өз концерттеріме бұлай сырттан әншілерді шақырған емеспін. Бұрын шәкірттерімді шығаратын едім. Өйткені, оларға да демеу беріп, қолдау көрсеткім келді. Аудиторияда теориялық жағынан сабақ өтіп, түсіндіру бір бөлек. Сахнаға алып шығып, практикалық тұрғыдан ұстазымен бірге өнер көрсеткен – әрине, ол керемет дүние. Бірақ бұл жолы кішкене өзгерек болсын дедім, - дейді Толқын Забирова Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, «Өмірге ғашықпын» концерті 17 қазанда Алматы қаласындағы Республика сарайында сағат 19:30-да басталады. Ал астаналық тұрғындар мен қала қонақтары 23 қазан күні сағат 19:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында тамаша кештің куәсі бола алады. 

Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктің әйгілі Madison Square Garden аренасында жеке концертін бергені туралы хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар