17:21, 13 Мамыр 2009 | GMT +5
Он екі жұмыс күні ішінде 5 мың гектар алқапқа орман көшеті отырғызылды
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Бердіуақас Шайхыслам/ - «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны биылғы көктемнің он екі жұмыс күні ішінде 5 мың гектар алқапқа орман көшеттерін отырғызып үлгерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Елордамыз Астананың маңындағы ашық жерлердің бүгінде қалың жынысты орманға айналып келе жатқандығын ешкім де жоққа шығармайды. Осы кәсіппен шұғылданатын «Жасыл аймақ» РМК биылғы жылды қоса есептегенде, бас қаламызды қоршай 45 мың гектар аумақты жасыл желекке бөледі.«Президент тапсырмасына орай, біздер жыл сайын белгіленген мөлшердегі алқапқа 25 түрлі жерсіндірілген ағаш көшеттерін отырғызып келеміз. 2000-шы жылдардың басында тіккен тал-шыбықтарымыз бүгінде биіктігі 10 метрге дейін жететін қарағайлы орманға айналды. Соның нәтижесінде бас қаламызда қолайлы микроахуал пайда болды, яғни, жазғы ыстықта көшені қуалай соғатын желге, қыстың бет қаратпайтын қатты дауылына тосқауыл қойылды. Астана ауасының тазарып, адамдардың тыныс алуының жеңілдене түскендігін мамандар да дәлелдеп отыр. Ел игілігіне айналған шаруаның басталуына өзі мұрындық болған Елбасымыз Н.Назарбаев Астана маңындағы қолдан отырғызылған орманның даму барысын үнемі қадағалап отырады. Уақыт тауып жыл сайын бір аралап, көріп шығады», - дейді «Жасыл аймақ» РМК бас директоры Жұматай Сүйіндіков. Елбасының осы істі шынайы түрде қолдағанының көрінісі болар, Астана маңындағы жасыл белдеуді халық орынды түрде «Президент орманы», деп атайды.
Межелі 5 мың гектар алқапқа орман көшетін отырғызу үшін «Жасыл аймақ» РМК механикаландырылған 60 техника мен 1 500 қол күшін жұмсаған. Қауырт науқан небәрі он екі күн ішінде орындалды. Бұл ? үлкен ұйымшылдықтың көрсеткіші. Қазіргі уақытта жаңа егілген көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары қолға алына бастады. Алдағы 4-5 жыл көлемінде бұл аймақта да қалың орман бой көтермек. Бабаларымыз «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», - деп текке айтпаған.