Он күнде ауыл шаруашылығы санағына 130 мыңнан астам респондент қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – Тамыздың алғашқы 10 күнінде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңіне шамамен 133 мың респондент қатысты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

Олардың ішінде 64 мыңы – бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары, ал 70 мыңға жуығы – мал, егін немесе балық шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдары.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы Қазақстанда 1 тамызда басталды. Бірінші, онлайн кезең 31 тамызға дейін жалғасады. Барлық санаттағы агро мекемелер санақтан sanaq.gov.kz сайтында өте алады.
Екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін өтеді. Бұл уақытта интервьюерлер үй шаруашылықтарына барып, сауалнама жүргізеді.
Санақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Негізгі мақсат – аграрлық саланың жай-күйі туралы толық ақпарат жинау.
Барлық сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға немесе sanaq.gov.kz сайтындағы чат-ботқа жазуға болады.