Он мың теңге үшін сотталды: прокуратура дропперлік үшін жауапкершілік барын ескертті
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM- Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай жолмен ақша табу үшін 10 мың теңгеге банктік шотын алаяқтарға берген. Нәтижесінде оның шоты қылмыстық схемаға пайдаланылып, өзі қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Қостанай облысы прокуратурасының хабарлауынша, сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 1 жылға пробациялық бақылау белгіленіп, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасының бастамасымен сот процесі жергілікті тұрғындардың қатысуымен ашық форматта өтті. Жиында нақты мысал арқылы оңай табыс табуға ұмтылудың қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін екені түсіндірілді.
Прокуратураның мәліметінше, дропперлер – өздерінің банктік шоттарын немесе карталарын ақша үшін бөгде адамдарға беретін азаматтар. Олар қылмыстық жолмен алынған қаражатты аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға да көмектесуі мүмкін.
Азамат қылмысты ұйымдастырмаған жағдайда да, мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылуы ықтимал.
-Дропперлік үшін заңнамада айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Прокуратура азаматтарды банктік карталарын, шоттарын, SMS-кодтарын және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылу соттылыққа және өзге де ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Егер азамат өзін заңсыз схемаға тартқанын түсінсе, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуы қажет,-делінген хабарламада.
Осыған дейін дроперлік әрекеттерге қатысты ішкі істер министрлігі де тұрғындарға ескерту жасаған болатын.