Он жеті жылдан кейін - жаңа мектеп

Қазақ тіліндегі жаңа білім ошағы Рудный қаласында салынған және ол 900 орынға есептелген, деп хабарлады Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин мектеп директорына ғимараттың символдық кілтін және «ГАЗель» шағын автобусының кілтін табыс етті.
900 орындық мектеп Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып отыр. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылды, инвестициялар сомасы 1 016,3 миллион теңгені құрады.
Мектептің құрамына оқу корпусы, бассейн, жылы автотұрақ, дербес қазандық, стадион, баскетбол және волейбол алаңдары, теннис корты кіреді.
Жаңа мектеп Рудныйдағы білім ошақтарының «жүктерін» анағұрлым жеңілдетуге мүмкіндік туғызады, себебі қалада бұған дейінгі соңғы мектеп осыдан 17 жыл бұрын салынған.