Өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өсті: Жұманғарин экономиканың негізгі драйверлерін атады
АСТАНА. KAZINFORM- ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысы өткізілді, деп хебарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуі жағдайында экономика өсуінің негізгі драйвері болып қалатын мұнай емес сектор саласын дамытуға баса назар аударды. Олар – құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы.
Құрылыста ең жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Жеті айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмысы көлемін одан әрі ұлғайту мен сала дамуының жоғары серпінін сақтау межеленуде. Ұлытау, Абай мен Қызылорда облыстарында ең жоғары өсу қарқыны орын алуы мүмкін.
Өңдеу өнеркәсібі өндіріс көлемінің 9,8%-ға ұлғаюы да сенімді өсуді көрсетеді. Негізгі үлесті машина жасау (+23,2%), химия өнеркәсібі (+19,0%), азық-түлік өндірісі (+14,7%) мен жеңіл өнеркәсіп (+89,2%) қамтамасыз етуде. Жеті айдың қорытындысы бойынша да осындай өсу қарқыны сақталады деген болжам бар.
Саудада да оң динамика сақталуда. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, тауар айналымы 36,2 трлн теңгеге жеткен. Ал саудадағы нақты көлем индексі – 105,7%. Саланың одан әрі өсуі үшін өңірлерге жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуды көздейтін Сауданы дамытудың жол картасын жүзеге асыру тапсырылды.
Көлік саласындағы өсу қарқыны тасымалдау көлемі жалпы ұлғайғанмен, мұнай мен газ тасымалдаудың төмендеуі арқылы шектелетіні атап өтілді. Осыған байланысты, Серік Жұманғарин елдің транзиттік әлеуетін, ең алдымен, теміржол және автомобиль бағытында барынша пайдалануды тапсырды.
Жеті айдың қорытындысына бойынша ауыл шаруашылығында тұрақты өсім бар. Сондай-ақ азық-түлік пен сусын өндірісінің ұлғаюы орын алмақ. Егін жинау науқанын жүргізу, мал шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдікпен қаржыландырудың рекордтық көлемі арқылы оң динамика қалыптастырылады. 2024-2025 жылдары құрылысы жеңілдікті шартпен қаржыландырылып, бүгінде жобалық қуатқа шықан тауарлы сүт фермалары саланың өсуіне елеулі үлес қоса бастады. Ол қазірдің өзіндегі сүт өндірісінің ұлғаюынан көрінуде. 2026 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысында сүт өндіру көлемі 1,9 млн тоннаға жетіп, 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,4%-ға артты.
Отырысты қорытындылай келе Серік Жұманғарин Қазақстанда ұзақмерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуі тиіс ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатқанын атап өтті.
-Осыған байланысты, ұзақмерзімді экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін және өңірлік стандарттар жүйесінде көзделген, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын көпірлерге, өткелдерге, негізгі көлік магистральдары мен энергетика нысандарына ерекше назар аудара отырып, денсаулық сақтау мен әлеуметтік сала объектілері сапалы жобаларды дайындауы қажет. Елімізде белсенді даму жалғасуда, сол себепті де жүзеге асырылатын жобалардың көлемі жыл сайын артып отыруы тиіс, — деп атап өтті вице-премьер.
Осыған дейін Үкіметтің цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың ауқымды жоспарын іске асырып жатқаны туралы жаздық.