Елімізде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 9,8%-ды құрады
АСТАНА. KAZINFORM – Жарты жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің көлемі 9,8%-ға өсіп, өндірілген өнім көлемі 16 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, резеңке және пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, киім, тоқыма бұйымдары, автомобильдер, тіркеме және жартылай тіркемелер өндірісінің артуы импортты алмастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,6%-ға өсіп, шамамен 12 миллиард долларды құрады. Экспорттың негізгі бөлігін металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өнімдері құрап отыр.
– Министрлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі реттелетін сатып алулар арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау. Мемлекеттік сатып алуда 5323 позицияда отандық өнімге басымдық берілді. Жарты жыл ішінде мемлекеттік органдар 82 миллиард теңге болатын 45 мыңнан астам шарт жасады. «Самұрық-Қазына» қоры қолданған 16 шара аясында отандық тауар өндірушілермен 3800 келісімшарт, оның ішінде жалпы құны 390 миллиард теңгеден асатын 286 ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарт жасалды, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ министрдің мәліметінше, жер қойнауын пайдалану саласында жалпы құны 123 миллиард теңгені құрайтын 425 сатып алу шарты рәсімделді. Қабылданған шаралар тұрақты сұранысты қалыптастырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға ықпал етіп отыр.
– Мәселен, Шымкент қаласындағы трансформатор өндірісі 90%-ға, Семейдегі кабель өндірісі 72%-ға, Қарағандыдағы арқан өндірісі 71%-ға дейін жетті, – деп толықтырды министр.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресейдің бірлескен өнеркәсіптік жобалары 52,7 млрд долларға жетті.