Өндіріс орындары белгілі бір салаға маманданбаса, жаһандану дәуірінде өз орнын таба алмайды - С. Кешуов

ЛМАТЫ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы әртараптандырудың бір маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту деп, негізгі үш бағытты анықтап берген болатын. Алайда ауыл шаруашылығы елдің, жердің жағдйына бейімделген заманауи техника мен озық технологияларсыз дамыту мүмкін емес. Біз осыған орай 60 жылдан астам тарихы бар Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының директоры Сейітқазы Кешуовты әңгімеге тартқан едік.
None
None

- Сейітқазы Асылсейітұлы, өзіңіз басқарып отырған институт нақты қандай бағыт -бағдардағы жұмыстармен айналысуда?

-1949 жылы негізі қаланған Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтында қазір 6 зертхана бар. Олардың негізгі бағыттары - суармалы жерлердегі өсімдік шаруашылығын механикаландыру, мал шаруашылығына жем-шөп дайындауды механикаландыру, көкөніс пен жеміс-жидек шаруашылығындағы өндіру технологиялары және машиналар жүйесі. Содан кейін жаңармалы энергия көздерін пайдалану мәселесі. Оның ішінде жел энергиясын пайдалану, мал фермаларындағы қиды өңдеп тыңайтқышқа айналдыру және газ алу.

- Зерттеу жұмыстарының қорытындысын өндіріске енгізу қалай жүріп жатыр?

-Технологиялар мен инновациялық шешімдерді өндіріске енгізу тоқтамайтын, тұрақты түрде жүріп жататын жұмыс. Уақыт талабына сай тақырыптар өзгеріп тұрады. Мысалы биыл 2009 жылы басталған 3 жылдық бағдарлама жалғастырылады. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің 042 бағдарламасының шеңберінде жұмыс жасаймыз. Институт құрылғалы бері біздің ғалымдар мен конструкторлар жалпы 300-ден артық машиналар, агрегаттар, құралдар жасап шығарған. Қазір Қостанай мен Астананың түбіндегі Ақкөл деген жерде екі филиалымыз жұмыс істейді. Қазір орталық пен екі филиалдан 60 машинаны таңдап алып каталогқа кіргізіп, жарнама жасап жатырмыз. Оларды жұмыс істеп тұрған өзіміздің шағын зауыттарымызда шығарып сата аламыз. Соңғы кезде жылыжайларға Қызылорда, Алматы облыстарынан тапсырыс көптеп түсуде. Конструкторлық бюроның мамандарымен бірлесіп жасаған бұл жылыжайлар өндіріске тиімді болып, шаруаларға ұнап жатыр. Дегенмен қиындықтар да жеткілікті. Жаңалықтарды өндіріске енгізудің өзіндік мәселелері бар. Мәселен оңтүстік өңірде шаруа қожалықтарының көпшілігінің қаржылық жағдайы төмен. Шаруашылығы шағын болғандықтан, олардың қаржылық мүмкіндіктері шектеулі. Ал ауылшаруашылық машиналары мен жабдықтарының бағасы ондаған тіпті жүздеген мың доллардың үстінде. Жалпы елімізде ауыл шаруашылығы техникасының қай түрі болмасын толық шығарылмайды. Беларус тракторы мен комбайн ғана құрастырылады. Біз шөп шапқыш, шөпті престегіш, жерді жыртатын, тырмалайтын, дәнді дақылдарды егетін деген сияқты бірнеше операцияларды атқаратын кейбір күрделі агрегаттарды ғана жасаймыз. Сондай-ақ жем турайтын машиналарын, жылыжайлар, биогаз бен 5 кВт-қа дейінгі жел генераторларын шығарамыз. Желдің көмегімен 40 метрлік тереңдіктен су тартуға болады. Тұтынушыларға өнімдерімізді өзіміз орнатып, оның мінсіз жұмыс істеуіне 1 жыл кепілдік береміз. Егер қажет десе, қондырғыны күтіп ұстау үшін одан кейінгі кезеңде де техникалық қызметтерді көрсете аламыз. Қазір 8 кВт-тық жел қондырғысын жасауды қолға алдық.

- Ауыл шаруашылығын механикаландыруда нарыққа зерттеу жасалды ма?

-Қазақстан қазір екі қолдың саласындай ғана ауыл шаруашылығы машиналарын жинайды. Шекара ашық техникалар жан-жақтан келеді. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы жағы таңдау құқығының болуында. Теріс жағы көп жағдайда шетелдік техникалар біздің жағдайға сәйкес келмейді. Жер жыртатын соқадан бастап, тұқымды себетін және оны жинайтын машиналарға дейін. Өйткені топырағымыз, климатымыз басқа деген сияқты. Оны ескермеген кейбір шаруалардың арасында сатып алған қымбат техникаларын біраз уақыттан кейін шаруашылыққа пайдалана алмай, босқа қаңтарып қойғандары да бар. Сондықтан сырттан келетін кез-келген техникалар мен технологияларды алдымен сынақтан өткізу керек. Біздің жағдайға жарай ма, жарамай ма деп. Өкінішке орай бұл жұмыс арнайы заң болмағандықтан әлі күнге дейін жүргізілмей отыр. Заң болмағандықтан, оған ешкім мойын бұрмайды. Өзге елдерде бұл тәжірибе бұрыннан бар. Мұндай шара көршілес Өзбекстанда да белгілі бір деңгейде жолға қойылған. Ал бізде қазір өнімнің еңбек қауіпсіздігіне сәйкестігін сертификациялау ғана бар. Біздің пайымдауымызша, оның өндірістік жағдайдағы жұмыс істеу сапасын да тексеру қажет. Ең болмағанда, ауылшаруашылығына аса қажеттісін сынақтан өткізіп, тұтынушыларға толық ақпарат берілуі керек. Әрине оны жақтайтын да, жақтамайтын да адамдар бар. Оған әсіресе өндірісте жүрген адамдар қарсы болуы мүмкін. Текхникаларды сынақтан өткізетін болсақ, олардың бағасы өседі деп. Біздің оймызша бұл негізсіз. Мәселен егін жинайтын үлкен комбайнды толық сынақтан өткізу үшін 1-1,5 миллион теңге керек тексеруге. Оны көп жағдайда фирмалардың өзі сынайды. Егер ол сапалы өнім болса және тұтынушылардың сұранысын толық қанағаттандыратын болса, ол көптеп сатылып, сынаққа кеткен шығын өнім бағасына ықпал етпейді. Сондықтан оған мемлекеттік саясат керек. Оны ғалымдар көптен бері айтып жүр. Фирманы ғана ойламай, бүкіл өндірістің мәселесін ойлау керек.

- Қазір нарықты дамытудың бір құралы ретінде елімізде лизингке көбірек көңіл бөліне бастады. Бұл бізді тығырықтан шығара ала ма?

-Жасыратыны жоқ, лизинг беретін мекемелер отандық өндірісшілерге қарағанда шетелдік фирмаларға жақындау. Тіпті қажетті техниканы жасау үшін алдын-ала төлем жасайды. Тапсырыс берушінің өз қаржысына шетелде жасалған бұл техника елге әкелінген соң лизингке беріледі. Ал отандық өндірісшілерде мұндай мүмкіндік жоқ. Олар өз қаржысына жасаған азын-аулақ өніміне алушыны өздері іздеп тауып сатады. Сол себепті шаруа қожалықтармен жұмыс істеу бізге қиын. Біреуі төлесе, екіншісі төлемді өз уақытында жасай алмайды, үшіншісі тіпті төлей алмайды. Қазір ішкі өндіріске жағдай жасалып жатқан жоқ. Қарап отырсаңыз шетелдік зауыттарға біздің ішкі нарыққа жұмыс істеу тиімді. Бұл керісінше қазақстандық өндіріске тиімді болу керек еді. Мемлекеттік саясаттың әлсіздігінен қомақты қаражат өз еліміздің емес, басқа мемлекетердің өндірісін дамытуға жұмсалып жатыр.

Ауылдық жерлердегі ауылшаруашылығы техникаларын жөндейтін орталықтарды қайта құру керек. Ол үшін зерттеу жүргізу қажет. Бәрін нарық реттейді деген дұрыс емес. Ол көзінде тұрғанға ғана пайдалы. Тәуекел жоғары болғандықтан, банктер ауылға барғысы келмейді. Сондықтан мамандандырылған банк құруды жеделдету қажет. Сонда шаруа қожалықтарына ұзақ мерзімдік несие беру мәселесі шешіледі деп ойлаймын. Бұл фермерлердің кооперацияға бірігуін жеделдетеді. .

- Отандық өндірісшілердің кейбір өнімдері шынында да сапалы болса, неге олар салалық көрме, жәрмеңкелерге қатысып өз тауарларын насихаттамайды?

-Бұнда біздің институттың да кінәсі бар. Менің мұнда келгеніме бір жылдай ғана болды. Басқа жер тұрмақ, өз территориямызда жөнді көрме жоқ. Жасаған өнімдеріміздің техникалық көрсеткіштері белгіленген баспа және электрондық форматтағы материалдарды жасау керек. Кейде көрме, жәрмеңкелерге қатысуға техникалармызды алып баруға шамамыз жетпей жатады. Қазір маркетингтік бөлім құрып жатырмыз. Олар аудандық әкімшіліктермен, фермерлер ұйымдарымен жұмыс жасайды. Сондай-ақ жеке шаруашылықтарға барып олардың мұқтаждықтарын шешу жолдарын бірлесіп талқылауды қолға алдық. Бірнеше жерден «ҚазАгроИнновация» АҚ шаруашылықтарда істейтін қызметкерлердің біліктілігін арттыру пунктерін құрды.

- Бір кездері өнімдері одақтас республикаларға, тіпті алыс-жақын шет елдерге таралған зерттеу институтында соңғы 20 жылда жасалған қандай жаңа техникалар мен технологиялар бар?

-Технология деп айта алмаймыз. Технологияны негіздейтін агрономдар мен мал шаруашылығы мамандары. Біз олардың мұқтаждықтарына сәйкес келетін техника мен құрал-жабдықтарды жасаймыз. Тәуелсіздік жылдары жасалған техника мен құрал-жабдықтың нақты санын айта алмаймын. Бірақ ондаған жаңа өнімдер деп сеніммен айта алам. Қазір бізде жасалып жатқан машиналардың саны - 6. Жергілікті жағдайға бейімдеп жасалып жатқан, бұл техникалар бәсекелестікке қабілетті. Өкінішке орай оны сатып алатын шаруашылықтардың жағдайы еліміздің барлық өңірінде бірдей емес. Мәселен солтүстіктегі филиалымыздағы зауыт қазір жақсы жұмыс істеп тұр. Егін өңдейтін машиналарды ондағы ірі шаруашылықтар сатып алуда. Жүздеген мың гектарға егін егетін бұл шаруашылықтарда қаражат шоғырланған. Ал шаруашылығы шағын оңтүстегі қожалықтарда мұндай мүмкіндік жоқ. Қазір елімізде көкеніс дақылдары 80 пайызға дейін сырттан әкелінеді. Егер жағдай жасалса, оның бәрін өзімізде өндіруге болады. Оған көзі жеткендер қазір біздің жасаған жылыжайларымызға сұраныс білдіруде. Мемлекетік бағдарлама бойынша кейбір жергілікті әкімшіліктер өздеріне қойып жатыр. Сапасы Қытайда жасалатын жылыжайлардан артық болмаса кем емес. Бағасы жоғары емес, құрылымы қарапайым.

- Олардың өндірістік сериясын шығару қашан жолға қойылады?

-Бұл ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған күрделі мәселе. Мәселен сапалы машина жасау үшін ең бірінші оның материалдары жақсы болу керек. Біздің жағдайда ол - сапалы металл, мысалы №45 болат немесе конструкциялық болат. Қазір оны табу өте қиын боп кетті. Металл жұмсақ болса одан жасаған құрал-жабдық бір маусымда-ақ тозып кетеді. Майысады, жонылады деген сияқты. Екіншіден, металды өңдейтін не түрлі станоктар керек. Қолданыстағы станоктар моралдық және физикалық жағынан тозған. Олар электр энергиясын көп жұмсайды және уақыт өткен сайын жұмыс істеу дәлдігі төмендеп кетеді. Бұл сапаға әсер етеді. Үлкен сериямен шығару үшін мамандандырылған зауыт керек. Арнайы станоктармен жабдықталған. Сол кезде ғана сапасы жоғары және өзіндік құны төмен өнім өндіруге болады. Біздің зауыт механикалық-тәжірибелік зауыт. 10-100 данамен тәжірибелік партия шығаруға арналған. Бізде тәжірибені жаппай өндіріске енгізетін соңғы саты жоқ.

- Біз қазір Кеден одағына кірдік. Ол сіз айтқан сериялық өндірісті тағы бірнеше жылға кейінге шегеріп тастамай ма?

-Экономикалық есеп бойынша мемлекет өзі жасаған өнімді пайдалануы үшін онда 60 миллион адам тұру керек. Сонда өндіріс тиімді болады. Өйткені үлкен сериямен өнім өндіретін ірі зауытты салуға көп қаржы керек. Онда шығатын өнім жоғары деңгейде жетілдірілген кезде ғана сыртқы нарыққа шыға алады. Сондықтан Кеден одағы бұл жағынан тиімді деп ойлаймын. Егер біз өз қолымыздан келетін заттарды жасамасақ кейін бәрінен құр қол қаламыз. Қазір зауыттарда жұмыс жасайтын жұмысшылардың арасында біліктілігі жоғары металл жонушы, әрлеуші (токарлар) жастар жоққа тән. Біз қазір дайын машинаны сынай алмайтын деңгейге жетіп қалдық. Соңғы кезде кейбір машиналарды жинай бастадық. Жеке машинаны әлі толық шығара алмаймыз.

Тығырықтан шығу үшін ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты қалпына келтіру керек. Қазір бұл бағытта біршама іс-әрекет жасалып жатыр. Бірақ ол әлі жеткіліксіз.

- Аты айтып тұрғандай, сіздердің институтарыңыз ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру жөніндегі ғылыми-зерттеу мекемесі. Соңғы кезде энергетика мәселесі ғаламдық ауқымда көтеріліп жүр. Бұл бағытта атқарып жатқан өздеріңіздің нақты іс-шараларыңызбен таныстырып кетсеңіз?

-Бұл шынында да қазір әлемдегі көкейкесті мәселенің біріне айналды. 2003 жылы институт орталыққа айналған кезде, оның атауынан түсіп қалған «электрлендіру» сөзі біраз жылдан кейін қайта енді. Қазір ештен кеш жақсы деп ауыл шаруашылығын электрлендірумен айналысатын арнайы зертхана ашу ойымызда жүр. Өйткені жеке шауашылықтарда бұрын жүздеген шақырымға созылатын орталықтандырылған электр желісі болды. Бүгінгі таңда олардың көбінің бағанасы да қалған жоқ. Шаруашылықтар болса, қуаты аз бензоагрегатпен отыр. Сондықтан институт ғалымдары бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, желмен жұмыс істейтін агрегат шығарды. Жоғарыда айтылғандай, қазір қуаты 5 кВт агрегаттар шығара аламыз. Бағасы шамамен 1,3 миллион теңге. Сондай-ақ желмен жүретін су тартатын агрегаттар жасалды. Ол желдің күшімен 40 метрге дейінгі тереңдіктен су тарта алады. Олар жел картасына сәйкес орнатылады. Соңғы кезде кейбір құрал-жабдықтардың технологияларын трансферттеуге көңіл бөліп жатырмыз. Мәселен жақында бізге кореялық LG компаниясының өкілдері келді. Олар 1,5 кВт-тық жел агрегаттарын шығарады екен. Әкеліңіздер бірге сынайық дедік. Келісті. Бағасы біздің агрегаттардан арзан емес және қуаты да төмен. Бірақ онда бізде жоқ жақсы редуктор және тағы басқа қондырғылар бар. Егер оларды бір-бірімізбен алмасатын болсақ, бұл екі тарапқа да тиімді болар еді. Кеңес одағы кезінде одақтас республикалар шөп тиейтін машинаның шанышқыларын біздің зауыттан алатын. Ал жем дайындайтын цехтар Кеңес одағы ғана емес, алыс-жақын өзге шет елдерге де шығарылған. Бұл әлемнің барлық елдеріне тән жағдай. Ешбір ел ешқандай үлкен затты толықтай өзі жасамайды. Керекті жабдықтарды әр жерден жинап құрастырады. Сондықтан бұл жолдан біз де бас тарта алмаймыз. Өкінішке қарай біз оны әлі түсініп болған жоқпыз. Бұл үдерісті енді Кедендік одақ жылдамдата түсері күмәнсіз.

-Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар