17:25, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Өндірісті өркендетіп, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инфрақұрылымдық жобаларды дамыту керек ? ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті
АЛМАТЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өндірісті өркендетіп, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инфрақұрылымдық жобаларды дамыту керек. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Дағдарыс және оны жеңудің жолдары» деп аталатын конференцияда айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Серік Тұржановтың айтуынша, қытайлықтар тұтыну нарығының тарылуына байланысты күшті ішкі нарыққа шоғырландыруда. Жолдар мен тұрғын-үйлер салуға және өнеркәсіпке инновациялық технологияларды енгізу үшін ел үкіметі онда 0,5 триллион доллар жұмсамақ. Олар 30-шы жылдардағы ұлы депрессиядан шығудағы американдық үлгіні қайталап отыр. Ол кезде экономист Джон Кейнс билікті жол салуға сендірген болатын. Қазір бұл шаралардың еуропалықтар мен американдықтарға көмегі болмауда. Өйткені, оларда бұл мәселе әлдеқашан шешіліген. «Қазақстанда инфрақұрылымдардың техникалық жабдықталуы қазір сын көтермейтін жағдайда тұр. 2010 жылы электр энергиясын тұтыну 1,5 есе артады, ал парк ресурсында жылу электр стансаларының негізгі жабдықтарының 90 пайызының тозығы жеткен. Өз инвестициялық алаңымызды өзгелерге беруге болмайды. Қажетті инфрақұрылымдар болса бизнес те өсетін болады. Республикада жұмыспен қамтудағы шағын және орта бизнестің үлесі 60 пайыз. Онымен санаспауға болмайды. Егер олар банкрот бола бастаса жүздеген мың, тіпті миллиондаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бізде ұзақ уақыт бойы қаржы мен құрылыс саласы экономиканың локомотиві дегенге сендіріп келген еді, қазір олар да тығырыққа тіреліп тұр. Сондықтан экономиканың негізі енді шағын және орта бизнес болуы керек. Әйтсе де үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасында оған бөлінген қаражат өте аз», дейді Серік Әбдіқалиұлы. Оның сөзіне қарағанда, нақты және баршаға ұғынықты заң қабылданғанша оларды тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімін ұзарту тиіс. Сондай-ақ дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінетін қаражатты берудің сызбасын жасауды жеделдету керек.