14:30, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өндіруші кәсіпорындардағы көмірдің бағасы мемлекетпен реттелмеуі тиіс ? Т.Мұқанов
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Тау-кен өндіру және кенді-металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы (ТККҚ) Үкіметке мемлекетпен реттелетін тауарлардың тізіміне қатты отынды, яғни көмірді қоспау туралы үндеу жолдады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ТККҚ атқарушы директорының орынбасары Төлеген Мұқанов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, көмір саласы экономикалық дағдарысқа байланысты онсыз да айтарлықтай қиындықтарды бастан кешіп отыр. Кәсіпорындар өндірісінің көлемі мен бағасы төмендеу үстінде. «Бүгінде екібастұздық энергиялық көмірдің бір тоннасы 834 теңгені құрайды, бұл қиыршық тастардың тоннасынан екі есе төмен. Егер баға ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (ТМРА) тарапынан тағы реттелетін болса, бұл тау-кен өндірушілердің банкротына алып келеді. Ал ол кәсіпорындарда 300 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді», - деді ол. Т.Мұқанов сондай-ақ, «егер ТМРА көмірдің бағасын реттейтін болса, олар Үкімет және әкімдіктермен жұмыс орындарын қысқартпау жөнінде жасалған келісімді орындай алмайды, онымен қоса кәсіпорындар әлеуметтік маңызы бар ? денсаулық сақтау, балабақшалар, оқу орындары, сауықтыру лагерьлері мен көптеген басқа да нысандарды қаржыландыруларын тоқтатуға мәжбүр болады», - дегенді алға тартты. ТККҚ өкілдерінің пайымдауынша, көмірдің өндіруші кәсіпорындардағы құнын емес, оның нарықтағы бағасын реттеу қажет. Сондықтан олар Табиғи монополияларды реттеу агенттігінен «Тауарлы нарықта бағасы мемлекетпен реттелетін қызметтер, тауарлар мен өнімдердің тізімініне» «Бір айда 1000 тоннадан астам көмірді өндіру және оны сату» қызметін енгізбеуді сұрап отыр.