Өнер зерттеуші-ғалым Әмина Нұғманның еңбегі жарық көрді

доцент Нұғман Әмина Әбдікәрімқызының «Қазақтың әншілік дәстүрі» атты еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Ә. Нұғманның бұл еңбегі ЖОО-ға оқулық ретінде және жалпы өнерсүйер қауым назарына тұңғыш рет ұсынылып отыр. Тұсаукесер рәсімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші, күйші Жарқын Шәкәрім 50-жылдарда қазақтың әншілік өнерін жинастырып, зерттеген Әмина Әбдікәрімқызының еңбегіне тоқталып өтті. «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін көп адам зерттеді. Алайда, Арқа мен Жетісу әншілік өнерін алғаш рет талдаған осы Әмина Нұғман еді. Бұл еңбектегі, әсіресе, «Қазақ әнінің орфоэпиясы» бөліміне үлкен мән берген жөн. Мұнда Әмина апайымыз ән сөздерінің айтылу ережелерін дұрыс сақтауды қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірген», - деді Ж. Шәкәрім.
Кітап «Қазақ әншілік дәстүрінің тарихынан очерктер», «Қазақ әншілік дәстүрінің қалыптасуы» және «Қазақ әнінің орфоэпиясы» атты 3 тараудан тұрады. Еңбекті баспаға дайындаған ғалымның қызы Баян Нұғман. Кітап 2009 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасының аясында «Арыс» баспасынан басылып шыққан.
Ғалымның қызы Б. Нұғманның айтуынша, анасының бұл еңбегі 1986 жылы докторлық диссертация болып қорғалуы тиіс болатын. Алайда, сол кездегі саяси оқиғалар салдарынан шектеуге байланысты жарыққа шықпай қалған.
Сондай-ақ, шара барысында белгілі жазушы, ғалымдар Қабдеш Жұмаділов пен Тұрсынбек Кәкішевтер де Әмина Әбдікәрімқызы жайлы естеліктер айтып, ғалымның өткен өмір жолы туралы тарихи деректер келтірді.