«Өнеркәсіп өсті ме, әлде сандар «теріс» сөйлеуге көшті ме?»- БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 8 қазан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша Жетісуда крахмал-сірне зауыты кеңейтіліп, іске қосылды. Бүгінгі таңда бұл өндіріс орнына 30 млн. АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалды. Атап айтқанда индустрия игілігіне жұмыс істейтін бұл жобаны арқау еткен осы мақала «Егемен Қазақстан» басылымында «Орталық Азиядағы» теңдессіз зауыт» деген тақырыппен берілді.

Еліміздің бас басылымында «Еліміз екі айдан кейін БСҰ-ға кіруі мүмкін» деген мақала басылды. Ресей Экономикалық даму министрінің орынбасары Алексей Лихачев осыдан біршама күн бұрын Бали аралында Бүкіләлемдік сауда ұйымы мәселесіне байланысты өткізілген конференцияда Қазақстанның аталған ұйымға екі айдан кейін кіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Абылай ханның тойы дүрілдеп өтті» деген мақала берілген. Қазақ мемлекетін қалыптастыруда айырықша тұлға саналатын Абылай ханға деген халықтың ынта-ықыласының ерекше екендігі кеше Көкше жерінде өткен 300 жылдық дүбірлі тойда кезекті рет көрінді.
Екі күнге созылған мерейтойға жиналған жұрттың қарасы қалың. Арысы Ұлыбритания, Түркия,Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, берісі Қазақстанның барлық аймағынан ағылып келіп жатты. Ханның иесі халық болғанымен, бүгінгі тойды міндеттеріне алған көкшетаулықтардың да дайындығы ерекше. Қаланың орталығына тоқтаған қалың қауым Абылай ханның ескерткішіне гүл шоғын қоюмен көптен күтілген шараны бастады.

«Таяудағы төбеден құлаған заһарлы зымыран қоғам көңіліндегі қауіп бұлтын қоюлатып жібергендей. Халықтың дабылына енді билік құлақ аса бастағанға ұқсайды. Кеше Үкімет өкілі Парламент төрінен Қазақстанның «Байқоңырға» төл заңнамасын таратуға нақты қол жеткізгелі отырғандығын жариялады. Бұл күні «Үкімет сағаты» аясында Мәжіліс депутаттары алдында Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров есеп берген болатын. Ол Ресейге улы гептилді пайдаланатын «Протондарды» ұшыруды азайту туралы талап қойғандарын мәлім етті»,-деп жазады «Айқын» басылымы

- «Протон» бойынша біз ресейлік тарап алдына экологиялық қауіпті «гептил» отынына негізделген зымырандарды ұшыру санын азайтуға кірісу, экологиялық тұрғыдан анағұрлым таза отынға көшу туралы мәселе қойып отырмыз, - деді министр Нұрлан Қаппаров. - Бұған қоса, ресейлік тараппен талқылау аясында, біз «Байқоңыр» аумағына Экологиялық кодекстің күшінің таралуы туралы да мәселе қоюдамыз.

Өйткені онсыз қазақстандық экологтар ғарыш айлағы аумағына бас сұға да алмайды екен: «Биылғы шілдеде зымыран құлағаннан кейін біздің мамандар қиындыққа кезікті, себебі, біздің қызметтердің «Байқоңыр» аумағында ешқандай құзыры жүрмейді, сондықтан ештеңені де тексере алмайды» деді еліміздің экология министрі. Рас, ресейліктер біраз уақыт өткен соң, осы саладағы қазақстандық құзырлы қызметтердің тексеруіне ұлықсат етіпті. Әрине, ол кезде төбеден төгілген улы гептил «бу» боп ыдырап, ауаға таралып кетсе керек. Бұл көлемді мақала «Бекірені аулауға тыйым салынды» деген тақырыппен жарияланып отыр.

***

«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Алашты алаңдатқан сауал» айдарында «Еңбек дауын тудырған жұмыс берушілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек» деген ұсынысты қолдайсыз ба?» деген мәселе көтерілді. Осы сауалға орай ұсыныс-пікірлер де берілген.

Василий РЕЗВАН, «Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті:

- Бас прокуратураның заңға өзгеріс енгізу туралы ұсынысы, жалпы алғанда, дұрыс дер едім. Бірақ біздің елде мұндай тәжірибе жоқ. Жасыратын несі бар, жұмысшыларының жалақысын уақытында бермейтіндер де, балалар мен жасөспірімдердің жұмыс күшін пайдаланып тиын-тебен төлейтіндер де бар. Заңға сәйкес, жасөспірімдердің алты сағаттан артық жұмыс істеуіне болмайды. Сонымен қатар жұмыс орындарының жалпы санының үш пайыздық мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгіленуі керек, бірақ заң талаптары толықтай орындалып жатқан жоқ. Осындай заңбұзушыларды, әрине, қатаң жазалау керек, бірақ жұмыс берушілердің барлығы бірдей емес. Егер еңбек дауын тудырды деп барлығын темір торға тоғытар болсақ, елімізде кәсіпкерлік құриды да, өзіміз шетелдік кәсіпкерлердің құлына айналамыз.

Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер:

- «Еңбек дауын тудырған жұмыс берушілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек» деген ұсынысты қолдамаймын. Себебі өз басым құқық қорғау органдарына сенбеймін, оларды жазалаушы деп қабылдаймын. Егер прокуратураның жұмыс берушілерді түрмеге жабу туралы ұсынысы іске асса, олар өздеріне ұнамағандарды соттай беруі мүмкін. Ал қалталылар қандай заң болса да сытылып шығып кетеді де, ақыры орта кәсіп иелері зардап шегеді. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Еңбек дауы қасақана және еріксіз болуы мүмкін. Қасақанаға ақша және тауар айналымы жақсы, шотында қаражаты мол бола тұра жалақы бермеу, тағысын тағылар кіреді, ал еріксізге, әсіресе, мемлекеттен бөлінетін қаржының өмірі белгіленген мерзімінде келіп түспейтіні жасырын емес. Мұндай жағдайда ақшаны не өзің басып шығармайсың, не жерден қазбайсың, несие де алмайсың, демек, еріксіз дау пайда болады. Сондықтан Қазақстан өркениетті елдердің қатарына, шын мәнінде, кірмейінше мұндай жүйеге көше алмайды деп есептеймін.

Сондай-ақ осы басылымда «Өнеркәсіп өсті ме, әлде сандар «теріс» сөйлеуге көшті ме?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Елімізде өнеркәсіп тауарын өндіру көлемі айдан-айға, жылдан- жылға артуда» дегенді жиі естиміз. Қуантатындай-ақ жағдай. Бірақ бір қызығы сол тауарларды ала қояйыншы деп базарға бара қалсаң, жарық күнде шаммен жоқ іздегендей әбігерге түсесің. Қытай мен қырғыздың киімін киіп, украин, беларустың кәмпит-күлшесін жеп жүрміз. Көкөністі де көп жерден әкелеміз. Есік-тереземіз, негізінен, іргедегі Ресейдікі. Сантехниканың сапалысын аламын десең сонау Италия мен Германиядан келіп жатыр. Сонда статистика «теріс» сөйлеуге көшкен бе, әлде біз бірдеңені білмей отырмыз ба?»,-деп жазады газет тілшісі. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасының мәліметі бойынша, өңірдегі өнеркәсіп өнді­рісінің көлемі соңғы үш жыл ішінде 1,6 есеге артыпты. Ақшаға шаққанда 149,3 млрд теңгені құраған, оның ішін­де тамақ өндірісі 10,6 пайызға өскен. Алайда тұрғындарда алақайлайтындай көңіл-күй байқалмайды. Сөрелерді жаулап алған тәттілердің ішінде «Рахат» пен «Баян сұлудан» басқасы шеттікі. «Жергілікті «Шаныбек» ЖШС шығаратын кәмпиттің орамасы сәнсіз болғасын өтпейді, сапасы жақсы болса да шығынға бататын болғасын алмаймыз» дейді сатушылар. Шынымен де, «Шаныбектің» басшылығы маркетингке мүлде мән бермегендей әсер аласың. Сүттің жағдайы да сондай.

Соңғы жаңалықтар