Өнеркәсіп министрлігі Азиада формасы сапасына тексеру жүргізе ме

Жуырда Азиада спартакиадасы спортшыларына арнайы тігілген форма сынға ұшырады. Проблема – сапада. Оған кім жауапты? Осыған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

азиада
Фото: Olympic.kz

«Азиада спартакиадасындағы спортшылардың формасына қатысты бізге шағым түскен жоқ. Өнімнің сапасына келсек, тапсырысты спорттық іс-шараны ұйымдастыруға жауап беретін орган өз бетінше жүзеге асырады. Сондықтан біздің министрлік жеткізушіні таңдауда нақты сапаны тексеруді жүргізбеді. Өйткені, бұл құзырлы министрлік пен өнеркәсіптің арасындағы жағдай», - деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысынан кейін болған баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өнеркәсіп саласында мемлекеттік стандарттар бар. Аталған нарық жоғары бәсекеге қабілетті.

«Қазіргі уақытта біздің министрлікке ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Өз басым, тексеру амалдары мүдделі тараптардан өтініш түскен кезде ғана жүргізіледі деп ойлаймын», - дейді ведомство басшысы.

Еске салсақ, қазақстандық спортшы Азиада формасының сапасын сынға алған еді.

Кейін Туризм және спорт министрлігі отандық спортшыларға дайындалған форманың сапасына қатысты ресми түсініктеме берді.