Өнеркәсіп министрлігі ERG-ді бөлу туралы ақпаратқа пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Eurasian Resources Group (ERG) компаниясын бөлу және жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру мәселесіне қатысты ешқандай ресми өтініш түспеген. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында министр Ерсайын Нағаспаев компанияны екіге бөлу туралы тілші сұрағына жауабында айтты.
— Біз тек ресми ақпаратқа ғана түсініктеме береміз. Қазіргі уақытта министрлікке активтерді бөлу немесе меншік иелерін өзгерту мәселесіне қатысты ешқандай өтініш келіп түскен жоқ, — деді министр Үкімет үйінде өткен брифингте.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы компания қандай да бір мәміле жасар алдында Өнеркәсіп министрлігіне ресми өтініш жолдауға міндетті. Министрлік оны қарап, өзге мемлекеттік органдармен келісілген қорытынды шығарады.
— Баспасөзде жазылып жатқан хабарға келсек, акционерлер өзара қандай да бір мәселені талқылап жатқан шығар. Бірақ ресми түрде ешкім ешқайда жүгінген жоқ. Министрліктің ұстанымы нақты — бізге ешқандай құжат түскен жоқ, — деп атап өтті министр.
Еске салайық, маусым айында Bloomberg агенттігі ERG өз бизнесін қазақстандық және халықаралық компания болып екіге бөлу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған.
Басылым мәліметінше, қазақстандық активтер кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің (39,3%) және Қазақстан Үкіметінің (40%) бақылауына өтуі мүмкін. Ал Ибрагимовтер әулетіне тиесілі қалған 20% акция Африкадағы мыс белдеуі, Бразилия және Конго Демократиялық Республикасындағы шетелдік активтерді біріктіретін жеке халықаралық компанияға берілмек.
Еске салсақ, мамыр айында Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы Патох Шодиевке тиесілі 18,6% және марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі 20,7% акцияны сатып алып, ERG-дегі үлесін 39,3%-ға жеткізген еді.