Өнеркәсіптік қауіпсіздік: адами факторды төмендету тетіктері қалай іске асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Карьерлердің қауіпсіздігін мониторингілеу жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес металлургия саласында жаңғыртуды қажет ететін 50 ірі кәсіпорын айқындалды. Осы кәсіпорындардың жұмысын бақылау үшін Техникалық қайта жарақтандыру бақылау картасы әзірленді. Бағдарлама іске асырылғаннан бастап кәсіпорындар өндірісті жаңғыртуға және техникалық жабдықтарды жаңартуға 530 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Қазіргі кезде ірі металлургия кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және адами фактордың әсерін төмендетуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізіліп жатыр, - деді Е. Нағаспаев.
Оның айтуынша, тәуекелдерді басқару және апаттық оқиғаларды талдауға арналған бірыңғай AI-платформасы құрылып жатыр. Қауіпті аймақтарды бақылау және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін machine vision және бейнеаналитика технологиялары қолданылуда. Сондай-ақ техниканы қашықтан басқару, карьерлердің тұрақтылығын, өрт қауіпсіздігін, желдету мен газ ортасын мониторингілеу жүйелері енгізіліп жатыр.
- Qarmet компаниясының шахталарында персоналды бақылау және позициялау жүйелері, конвейердегі автоматты өрт сөндіру жүйесі жұмыс істейді. Рудниктерде өндіріс процестері цифрландырылып, карьерлердің 3D-модельдерін жасау үшін БПЛА аппараттары қолданылуда. Байыту фабрикаларында заманауи басқару жүйелері мен роботтандыру элементтері енгізілуде. Сондай-ақ қауіпті жағдайларды автоматты анықтау, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және тәуекелдерге жедел әрекет ету үшін жасанды интеллект пен бейнеаналитика технологиялары қолданылып жатыр. Бұл цифрлық шешімдер өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға, апат пен жарақаттануды алдын алуға, адам факторын азайтуға және тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді, - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Еңбек министрі Асқарбек Ертаев 480 мыңға жуық адам еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтінін айтты.