«Өнімділік-2020» - бәсекеге қабілетті заманауи өндіріс орнын құрудың басты бағыты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда ірі және орта бизнестің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі қолда бар өндірістік және басқарушылық үдерістерді жаңғырту болып табылады. Менеджмент саласындағы инновациялық технологиялар кәсіпорындар жұмысының тиімділігі мен өнімділігін арттырып, отандық өндірушіге өз өнімімен әлемдік нарыққа шығуына зор мүмкіндіктер береді.

«Өнімділік-2020» - бәсекеге қабілетті заманауи өндіріс орнын құрудың басты бағыты

Дүниежүзілік банктің әдістемелік қолдауымен әзірленген «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында қазіргі қолданылатын технологияларды, өндірістік және басқарушылық циклдерді жаңғырту, барлық замануи әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру қарастырылған.

Айта кетейік, «Өнімділік-2020» бағдарламасы ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыру аясында 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама құралдары жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған. Бағдарламаның мақсаты - еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен экономиканың басым секторларындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл шара еліміздегі төмендеп қалған еңбек өнімділігі деңгейін арттыруды көздеді. Орта есеппен ол бір адамға шаққанда 30-40 мың АҚШ долларын құрайды, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 200 мың АҚШ долларына тең. Еліміздегі ең төменгі еңбек өнімділігі ауыл шаруашылығында байқалады. Ол жылына жұмыс істейтін бір адамға шаққанда 3 мың АҚШ долларына жуық соманы құрады, ал дамыған елдерде - 50-70 мың АҚШ доллары шамасында. Қазақстанның машинажасау саласындағы бұл көрсеткіш небәрі 10-17 мың доллар болса, шетелдерде 90 мың долларға жеткен. Мұндай артта қалушылық өндірістегі қуаттылықтардың толық жүктелмеуі, негізгі қорлардың тым тозуы және өндіріс ошақтарының қазіргі заманғы технологияларды енгізе және қолдана алмауы сынды бірқатар факторлармен түсіндірілді. Табиғи әрі моральдық тұрғыдан тозған технологиялық жабдықтар мен тым көп шығындар көптеген отандық кәсіпорындарға өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесін шешулеріне мүмкіндік бермеді. Бірқатар кәсіпорындарға жүргізілген аудит нәтижелері бойынша көптеген өндірістердің дамуына бөгет болатын нақты кедергілер анықталды. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының дамымауы, кәсіпорындағы алдыңғы жылдардағы үлкен борыштық жүктемесінің олардың инвестициялық белсенділігін шектеуі, технологиялық жабдықтарды жаңартудағы және жаңғыртудағы инвестициялар деңгейінің төмен болуы, өңдеуші өнеркәсіп салаларының көптеген кәсіпорындарының негізгі қорларының тозуы (ол машинажасау саласында - 56,7%, химия және фармацевтикада - 45,3%, құрылыс индустриясында - 39% құрады), қазақстандық кәсіпорындардың жоғары технологиялы өнім импортына аса тәуелділігі, жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды енгізуге және жүзеге асыруға қабілетті техникалық бейіні жоғары кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі, өндірістік үдерістерді жаңғыртуда жабдықтар мен құралдарға қызмет көрсететін қызметкерлердің біліктілігінің төмен болуы т.с.с. Мұның бәрі барынша жоғары нәтижеге қол жеткізуге жол ашатын қазіргі заманғы технологияларды белсенді түрде енгізуді талап етті.

Осы олқылықтарды жою мақсатында қолға алынған «Өнімділік-2020» бағдарламасы мемлекеттік қолдау шаралары ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды, білікті жобалық және инжинирингтік ұйымдарды тартуды, инновациялық гранттар беруді т.с.с. тәсілдерді жүзеге асыруды көздейді. Демек, бағдарлама аясында кәсіпорындарға инвестициялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеу немесе сараптауға шығыстарды төлеу бойынша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп, біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды тарту, қазіргі заманғы басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізу қарастырылады. Оған қатысуға ниет білдірушілер мемлекеттік бағдарлама шеңберінде экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру немесе оны жоспарлау және инвестициялық жобаның қаржылық қайтарымдылығы, еңбек өнімділігін екі есе арттыру, ішкі және сыртқы нарықтарда өнімнің бәсекеге қабілеттілігі тәрізді көрсеткіштерге қол жеткізуді көздейтін инвестициялық жобаның кешенді жоспарының болуы тәрізді талаптарға сәйкес келуі тиіс.

Бағдарламаның міндеттері - жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту, яғни техникалық қайта жарақтандыру және бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру мен кәсіпкерлік субъектілерін сервистік қолдау. Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында 2020 жылға дейін бағдарламаның бірінші міндеті шеңберінде қатысатын өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек өнімділігін кемінде екі есеге ұлғайту; бағдарламаның бірінші міндеті шеңберінде қатысушы кәсіпорындардың қуаттарының орташа жүктемесін 80%-ға дейін ұлғайту; 10 кәсіпорын үшін жыл сайын еңбек өнімділігін ұлғайту және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің топ-менеджерлерін оқыту тәрізді нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп жоспарланған.

Қазіргі таңда бағдарламаның аса қажетті әрі танымал құралы - ұзақмерзімдік лизингтік қаржыландыру болып отыр. Оны «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ (ҚИДИ) операторының бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы мәліметтері нақтылайды. Ол қазақстандық бизнестің негізінен техникалық қайта жарақталу есебінен еңбек өнімділігін арттыруға иек артатындығын білдіреді. Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды қатысушыға құрал операторы ұсынады. Құрал операторы - «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы «ҚДБ - Лизинг» акционерлік қоғамы. Ұзақ мерзiмдi лизингтiк қаржыландыру 10 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.

Бұл тұрғыда бағдарламаның интеллектуалды сипатта құрылғанын және еңбек өнімділігін арттыру мен өндірістің энергиялық тиімділігін өсіру тәрізді негізгі мақсаттарды көздейтінін атап өткен жөн. Мұндайда кәсіпорын топ-менеджментінің өндірістік үдерістерді жаңғырту мен баптауға қатысуға әзірлігі негізгі шарт болып табылады. Мұның барлығы міндетті түрде соңғы өнімнің сапасы мен бағасына әсерін тигізбей қоймайды. Ал бұл өз кезегінде отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізбек.

Естеріңізге сала кетейік, «Өнімділік-2020» бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері оған Қазақстанның 15 аймағынан 53 инвестициялық жоба мен 8 салалық өнеркәсіп енгізілді, оның ішінде 2013 жылы 2 жоба: «FosTech Data» ЖШС мен «РМЗ-Шапағат» ЖШС енді. Мұның алғашқысы машинажасау саласы бойынша, Алматы қаласындағы талшықты-оптикалық талшық өндіру зауытын кеңейтуді көздесе, екіншісі - құрылыс индустриясы саласына қатысты, яғни Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 35 мың шаршы метр тұрғын үй салуға жететін үй құрылысы комбинатын салуға жоспарланған.

Бағдарлама аясында отандық кәсіпорындарымыз инвестициялық жобаларын әзірлеуге 63 млн. теңгеден астам қаражатты иеленді. Сондай-ақ «БРК-Лизинг» АҚ-ында 15,3 млрд. көлеміндегі сомаға 12 жоба мақұлданды, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ 28,9 млн. теңгеге басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізу бойынша 8 жобаға қолдау көрсетті. Бұл тұрғыда жобаға өтінім берушілердің өз қаражаттарының көлемі мен екінші деңгейлі банктерден займдар 85 млрд. теңгеден астам соманы құрады.

Аталған мемлекеттік бағдарлама елімізде екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Оның алғашқы кезеңі 2011-2014 жылдар аралығын қамтыса, екінші кезең 2015 жылы басталып, 2020 жылы аяқталады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2011 жылғы республикалық бюджеттен 15 764 910 мың теңге, 2012 жылы - 10 133 367 мың теңге, 2013 жылы - 134 050 мың теңге, 2014 жылы - 225 187 мың теңге бөлінсе, 2015 жылы - 225 187 мың теңге бөлу көзделген. Қазіргі таңда бағдарламаны жүзеге асыруда Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысы, сондай-ақ Ақтөбе және Алматы облыстары ең белсенді аймақтар болып қалып отыр.

Гүлнәр Жомартова