Онымен ешкім жұдырықтасқысы келмейді: Жәнібектің қарсыласы мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Жеңіліп көрмеген даниялық боксшы Якоб Банк қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігіне ие болғаннан кейін WBO ұйымына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды INFORMSPORTS.

Якоб Банк
Фото: boksenyt

Банктің айтуынша, ол шамамен бір жыл бойы WBO рейтингінде екінші орында тұрған және чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алады деп үміттенген. Алайда ұйымның кейбір шешімдерінен кейін мұндай мүмкіндікке деген сенімі азая бастаған.

- WBO рейтингінде бір жылға жуық уақыттан бері үміткерлер арасында екінші орындамын. Мен дайын болдым. Ал Хамза осы аралықта рейтингінің үшінші және бесінші нөмірлерімен жұдырықтасты. Сондықтан олардың осындай ұстаныммен әрекет етіп жатқанын көріп, әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке шыға алатыныма деген сенімімді жоғалта бастадым. Бұл спорттық қағидаларға мүлдем сай келмеді. Біз тіпті WBO-дан толықтай бас тартып, WBC бағытына ауысуға шешім қабылдаған едік. Бірақ кейін Жәнібекпен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі пайда болды. Әрине, мен бұл мүмкіндікті пайдаланамын. Мен әлем чемпионы болғым келеді және оған апаратын оңай жол бар деп ойламаймын. Онымен ешкім жұдырықтасқысы келмейтін Жәнібек бола ма, әлде басқа боксшы ма – әлем чемпионы атану кез келген баланың ең үлкен арманы, – деді Банк.

Даниялық боксшы алдағы кездесудің қаншалықты қиын болатынын түсінетінін атап өтті. Соған қарамастан, ол басты мақсаты – әлем чемпионы атану үшін Әлімханұлымен рингке шығуға дайын.

Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жек WBO тұжырымы бойынша супер орта салмақтағы вакантты әлем чемпионы атағы үшін өтуі тиіс. Кездесудің нақты күні мен өтетін орны әзірге жарияланған жоқ.

Екі боксшы да кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген. Жәнібек Әлімханұлы 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған. Ал Якоб Банк 20 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, 11 қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан.

Айта кетелік Жәнібек Әлімханұлы титулдық жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.