Өңір экономикасына 111,4 млрд. теңге инвестиция құйылды - Б.Қонысбаева, БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясатты жария еткені белгілі. Осыған орай «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева былайша әңгімелеп берді.
None
None

Оның айтуынша, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында құны 23,1 млрд. теңге тұратын «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» (4-104 шақырым аралығы) автожолын қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылмақшы. 2015 жылы бұл мақсатқа ҚР Ұлттық қорынан 3,0 млрд. теңге қарастырылды. Биыл аталмыш автожолдың сегіз шақырымын жөндеу жоспарлануда. Жоба бастамашысы - «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

Әлеуметтік саланы дамыту бағытында 2015-2016 жылдары Шыңғырлау ауданы орталығы Шыңғырлау ауылында 290 орындық балабақша салынбақшы. Құрылыстың жалпы құны - 541,2 млн. теңге. Биыл оған Ұлттық қор қаражаты есебінен 200 млн. теңге бөлініп, құрылысы басталды.

Тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту да - маңызды салалардың бірі. 2015 жылы ҚР Ұлттық қорынан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі қатысушыларына арналған тұрғын үйлер құрылысына 2762,6 млн. теңге қаралды. Бұл қаржыға 2014 жылы басталған 4 тұрғын үйді (450 пәтер) аяқтау көзделуде.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жайластыру мен дамытуға 580,3 млн. теңге жұмсалмақшы.

2015 жылы Орал мен Ақсай қалаларындағы жылумен жабдықтау және сумен қамту жүйелерін жаңғырту бойынша жеті жобаны жүзеге асыруға бюджеттік несие арқылы 2619,9 млн. теңге қарастырылды. Осыған орай БҚО әкімдігі, ҚР Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігі арасында үшжақты несиелік шартқа қол қойылды. Несие жергілікті атқарушы орган үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 пайызбен және табиғи монополиялар нысандары үшін 0,02 пайызбен жиырма жыл мерзімге беріледі. Аталған қаржыға 10,5 шақырым сумен қамту және 3,4 шақырым жылумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жоспарлануда. Желілерді жөндеу жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау көзделуде.

-Бибігүл Тишанқызы, енді облыстың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына қысқаша тоқтала кетсеңіз?

-Осы кезеңде өңірде 584,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың алты айымен салыстырғанда, 95,9 пайыз. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі - 520,6 млрд. теңге, бұл 2,9 пайызға аз. Бірінші жартыжылдықта 10075,1 млн. текше метр газ (102,4 пайыз), 6242,2 мың тонна (98,5 пайыз) газ конденсаты өндірілді.

Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары 42,0 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл - өткен жылғымен салыстырғанда, 81,9 пайыз.

Биыл индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы және индустрияландыру картасы аясында 48,2 млрд. теңге тұратын 4 жоба (143 жұмыс орны) жүзеге аспақшы. Сонымен бірге құны 2,3 млрд. теңге 3 жоба (191 жұмыс орны) 2016 жылы іске қосылмақшы.

Ауыл шаруашылығы саласында 27,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылғыдан 3,0 пайызға артық. Атап айтқанда, тірілей салмақпен 36,0 мың тонна ет (104,5 пайыз), 112,6 мың тонна сүт (100,9 пайыз), 77,8 млн. дана жұмыртқа (97,9 пайыз) өндірілді. Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша 2014 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, барлық шаруашылық санаттарындағы ірі қара 6,9 пайызға (соның ішінде сиыр - 8,5 пайызға), қой 8,6 пайызға, ешкі 6,6 пайызға, жылқы 14,4 пайызға, құс 3,9 пайызға көбейіп отыр.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласын да мемлекет тарапынан қолдау жалғасуда. Мысалы, биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша ҚР Ұлттық қорының қаражаттарын есептегенде, республикалық бюджеттен 2,2 млрд. теңге бөлінді. Бірінші жартыжылдықта өңірлік үйлестіру кеңесі 1564,8 млн. теңгенің 41 жобасын мақұлдады, соның аясында 42 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 465,7 млн. теңге бағытталды.

Облыс экономикасына жарты жылда 111,4 млрд. теңге инвестиция құйылды, бұл өткен жылғыдан 13,9 пайызға көп.

Осы мерзімде 27,3 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды, өсім - 7,3 пайыз.

Бөлшек сауда көлемі 97,9 млрд. теңгеге жетіп, 0,3 пайызға артты.

Инфляцияның жалпы деңгейі - 101,3 пайыз (республикалық көрсеткіш - 101,4). Азық-түлік тауарларының бағасы 1,0, азық-түліктік емес тауарлар бағасы 0,6, ақылық қызметтер 2,4 пайызға көтерілді.

Мемлекеттік бюджетке 94,7 млрд. теңге жиналды (болжамға 83,4 пайыз), бұл 2014 жылғыдан 37,7 пайызға аз. Өтелмеген салықтар 2015 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда, 88,4 млн. теңгеге көбейіп, 3327,6 млн. теңгеге жетті.

Әлеуметтік салада республикалық бюджет қаражаты есебінен Орал қаласының Зашаған кентінде 1200 орындық мектеп, Жаңақала ауданының Жаңақала ауылында 100 орындық интернатымен 600 оқушыға арнал мектеп және Оралда 300 төсектік қалалық көпбейінді аурухана құрылысы жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар