Өңірде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаудың жиілеуі алаңдатады
ОРАЛ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаудың жиілеуі алаңдатады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен, өңірдегі құқық қорғау органдары басшылары есеп берген отырыста айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов адам құқығын қорғау қоғамдық тәртіп сақшыларының басты назарында болуы керектігін атап өтті. Есірткі тасымалы мен оны тарату әрекетіне қарсы күресті күшейту керек. 12-14 жасар жасөспірімдердің қылмысқа араласуы қалыпты жағдай емес. Сыбайлас жемқорлық пен мал ұрлығына тосқауыл қою да күн тәртібінен түспейді. Әлемдегі дағдарыс пен жұмыссыздықтың ықтимал артуы қылмыстың көбеюіне әсер етуі мүмкін. Дегенмен атқарушы билік жұмыссыздықтың өріс алмауына барынша күш салатын болады. Осындай кезде құқық қорғау қызметкерлеріне қойылар талап босаңсымақ емес.