Өңірде балық аулау 4 есеге артты
АҚТАУ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Өткен жылы облыста 1358 тонна балық ауланған. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 4 есеге артық. Оның көлемін әлде де ұлғайта түсу - алда тұрған міндеттердің бірі. Бұл туралы облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Отырыста облыстың агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралар бағдарламасының орындалу барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Қ. Боқанов баяндама жасады. «Соңғы екі жылдан бері облысымыздың балық шаруашылығын қалпына келтіру, дамыту мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты назарында ұсталуда. Бұған дейін облысымызда балық аулау жеке әуесқойлық деңгейде жүргізіліп, жылына 200 тоннадай балық ауланып, есепке алынса, қазіргі уақытта кәсіби деңгейде ұйымдастырылуда. Кәсіпшілікте «Маңғыстау балық өнеркәсібі компаниясы» ЖШС-нің 4 балық аулау кемесі және табиғат пайдаланушылардың 19 шағын кемелері, 7 балық қабылдау нүктелері қызмет атқарып жатыр. Балық аулау мақсатына арнайы кемелер, қайықтар, құрал-жабдықтар, мұздатқыштар мен автокөліктер мемлекет қаржысы есебінен тауарлық несие мен лизингіге алынып берілді. Күні бүгінде облысымызда балық аулау, сақтау, ұқсату, сату мәселелері өндірістік жолға қойылған деп айтуға болады», - деді ол. Былтыр жергілікті бюджеттен «Маңғыстауагросервис» МКК арқылы лизингіге балық аулау құрал-жабдықтарын алуға 50 млн. теңге бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар сұранысына қарай 2009 жылы да жалғасын таба береді. Балық аулау көлемін ұлғайту, ауланған балықты өңдеу, ұқсату шарларын алу, аймақтың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, балық шаруашылығын жүргізудің нормативтік-құқықтық заңнамаларын жетілдіру мәселерін шешу ? осы саладағы басты міндеттердің бірі болмақ.