Өңірде инновациялық белсенді кәсіпорындар саны өсіп отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының инновациялық белсенділігі арта түсуде. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен облыс әкімдігі жанындағы инновацияны дамыту жөніндегі облыстық ғылыми-техникалық кеңес отырысында айтылды.
Жиында мәлім етілгеніндей, ҚР 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде, соның ішінде өңірде ауқымды шаруалар атқарылды. Осы уақыт ішінде индустрияландыру картасы шеңберінде облыста барлығы 286,7 млрд. теңгеге 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1700 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 31 жоба іске қосылып, бұған 251,8 млрд. теңге жұмсалған. Осы жобалар бойынша 1300 жұмыс орны құрылған. Бүгінгі таңда елімізде инновациялық дамудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданып, ол оңтайлы жүзеге асырылуда. БҚО еліміз бойынша инновациялық белсенділігі жөнінен биыл да алдыңғы қатарда. 2012 жылы республикалық орташа көрсеткіш бойынша кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 5,7 пайыз болса, өңірде бұл көрсеткіш 9,6 пайызды құрады. Бұл ретте инновациялық белсенді кәсіпорындардың саны 26-дан 57-ге дейін өсті. Бұл көрсеткіште өнеркәсіп орындарымен бірге жоғары оқу орындарының да үлесі бар.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің айтуынша, өңірде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кәсіпорындардың әлемдегі ең озық технология әдісімен жұмыстануға мүмкіндіктері бар. Айталық, 2013 жылы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да инновациялық мұнай қыздыру пеші өндіріске енгізілді. Бұл технологияны аталмыш кәсіпорын мамандары құрастырған. Қазақстандық қатыс үлесі 97 пайызды құрайды. Құрылғының тек уақ-түйек құрал-жабдықтары ғана Ресейден алынды. Зауытта әскери және азаматтық бағыттағы авиациялық қозғалтқыштар жасалады және жөнделеді. Ол - еліміз бойынша теңдесі жоқ инновациялық жұмыс. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да бағалы бекіре тұқымдастарды өсіру бағытында жаңа жоба қолға алынды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша облыста өндірістік инновациялық өнімдер көлемі 4,4 млрд. теңгені құрады және инновациялық бағытта 1,3 млрд. теңгенің қызметі көрсетілді. Өңірдегі бизнес пен ғылымның өзара байланысы нашар. Инновацияны дамыту үшін ғылым мен бизнес және мемлекет тығыз байланыста жұмыстануы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру «Алгоритм» технопаркі» ЖШС-ға жүктелді. Инновациялық жобаларды қаржыландыру үшін облыста технопарктің қамқоршылар кеңесі құрылды. Инновациялық қор құру да жоспарда бар.
«Алгоритм» технопаркі» ЖШС директоры Арман Есекеновтің сөзіне қарағанда, өткен жылы технопарк жанынан өңірлік технологияларды коммерцияландыру орталығы және топ құрылған. Топ құрамында жергілікті ЖОО-ның өкілдері бар. Бүгінде аталмыш орталық өңірдегі ғылыми-техникалық қызмет пен жеке кәсіпкерлік нысандары арасындағы байланысты нығайту бағытында жұмыстануда. Қазіргі таңда орталықтың базасында жергілікті жоғары оқу орындары мен жеке тұлғалардан түскен 150-ден астам жоба тіркелген. Алдағы уақытта Ақтөбе және Маңғыстау облыстарын да тарту жоспарлануда.
Кеңесте жергілікті ғалымдардың әрқайсысы өз ұжымының жаңа жобаларын көпшілік назарына ұсынып, олардың тиімділігін дәлелдеді. Олар сондай-ақ өңірдің инновациясын дамыту үшін ЖОО-дағы ғылыми ұжымның әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айтып, ғылыми білім беру консорциумын құру жөнінде ұсыныс жасады.