14:18, 12 Қаңтар 2010 | GMT +5
Өңірде қасқырдың ауылды торуылдауы жиілеп кетті
ОРАЛ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қасқырдың ауылды торуылдауы жиілеп кетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әсіресе, мұндай оқиға Сырым ауданы Жосалы, Жетікөл, Алғабас, Бұлдырты ауылдық округтерінде жиі кездесіп отыр. Мысалы, қаңтар айының басында Жосалы ауылдық округінің Қоңыр ауылының ішіне екі қайтара енген көкжал Ә.Шүйінішқалиевтің итімен алысып, ақыры тұрғындар оны атып өлтірген. Сондай-ақ жетікөлдік, бұлдыртылық аңшылар Т.Әбілқайыров, Н.Хайыров ауыл малдарына шабуылдаған түз тағыларын құртуда белсенділік танытуда. Төрт итін қасқыр алуға баулыған жетікөлдік К.Қайырғожиннің қанжығасы да қыс түскеннен бері құр емес. Соңғы кезде қардың мол түсуі аңшылар үшін қолайлы болып отыр.
Өткен жылы күзде Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылына ит-құс екі мәрте кіріп кетіп, адамдарды жарақаттаған болатын.