Өңірде қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету керек - Премьер Қарағанды облысында
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірде оқыс оқиғалардың жиілеп кеткенін айтып, тиісті тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Премьер-Министр соңғы уақытта Қарағанды облысында өрт және судағы жазатайым оқиғалармен, сондай-ақ кәсіпорындардағы оқиғалармен байланысты төтенше жағдайлар жиілеп кеткенін атап өтті.

«Төтенше жағдайлар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын», - деп тапсырды Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте.
Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Атамекен» палатасымен және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, аралас жауапкершілікті қолдану кезінде қызметкердің кінәсінің ең жоғары шегін белгілеу бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеу және жазатайым оқиғалар жөніндегі заңнаманы жетілдіру бойынша тәсілдерді әзірлеу тапсырылды.
Айта кетсек, Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Теміртау қаласының өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралады.