16:44, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Өңірде қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы салаларындағы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады
ОРАЛ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы салаларындағы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен өндіріс көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, бұл дағдарысқа қарсы алынатын шаралардың басым бағыты ретінде есептелініп отыр.
Жабық топырақ жағдайында көкөніс өндірісін көбейту мақсатында 2009 жылы Орал қаласы маңындағы 7 га алқапта жылыжай кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланса, мұндай жылыжайлар Зеленов, Ақжайық, Тасқала аудандарында да қарастырылған, Бөрлі ауданында бар.
Зеленов ауданында толық инфрақұрылымымен 5 мың бас ірі қара малына арналған қазіргі заманғы бордақылау кешенін іске қосу көзделуде. Мұндай кешен республикада екеу ғана, бірі Алматы облысында, екіншісі БҚО-да болмақ. 2009-2010 жылдары сүтті терең қайта өңдейтін екі сүт-тауарлы фермаларын салу ойластырылуда.
Биыл жылдық қуаттылығы 7,4 мың тонна айырылған май шығаратын зауыт іске қосылады, бұл облыстың өсімдік майына қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобалық қуаттылығы тәулігіне 150 тонна өнім шығаратын диірмен кешенінің құрылысы аяқталады.