17:00, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Өңірде құрылыс жұмыстары мен күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 11,3 млрд. теңге жұмсалмақ
ОРАЛ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында құрылыс жұмыстары мен күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 11,3 млрд. теңге жұмсалмақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл - өткен жылғыдан 3,8 млрд. теңгеге артық. Осы жұмыстарды атқаратын ірі құрылыс кәсіпорындары өз әлеуетін арттырумен бірге адамдарды басқа мамандыққа оқытуға қаржы бөлуді де ұмытып отырған жоқ.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, өңір экономикасының басқа да салалары қарқынды дами беретін болады. Бұл орайда ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру жалғаса бермек. Елбасы айтқандай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортты әртараптандыру үшін биыл ауыл шаруашылығында бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұлар ? «Батыс күнбағыс» фирмасы салып жатқан өсімдік майын өңдейтін зауыт, 5000 ірі қара малына арналған «Кроун Батыстың» бордақылау кешені, Зеленов ауданындағы ірі диірмен кешені, қуаттылығы жылына 500 тонналық жылыжай, тауарлы-сүт фермалары. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде қосымша 367 жұмыс орны ашылмақ.