Өңірде Мемлекеттік рәміздер күні кеңінен аталып өтілмек
Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Мұратқали Төрегелдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Орал қаласы мен облыс аудандарында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылып отыр. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу бағытында әр білім мекемесінде тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Мектептер мен балабақшаларда сабақтар мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталады.
Кейде, шыны керек, Мемлекеттік Тудың дұрыс ілінбеуі немесе түсі оңып кету жағдайлары кездеседі. Сондай-ақ кейбір мекемелерде еліміздің Туымен қатар өз жалауларын да желбіретіп қояды. Заң бойынша бұған шектеу қойылмайды. Алайда әр мекеме бұлай ете берсе, Мемлекеттік Туға көлеңке түсіруі мүмкін. Сондықтан мұны да ескермесе болмайды.
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау негізінен бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ әлеуметтік жарнама, насихат-үгіт жұмыстары арқылы жүргізіледі.
«Мұның бәрі, түптеп келгенде, Қазақстанның тәуелсіздігін бекіте түсу деген сөз. Бұл тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында айрықша мәнге ие болып отыр. Сондықтан әр азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтей білуі тиіс», деді ол.