Өңірде сумен қамтуда көрші елге тәуелділіктен құтылу мақсатында бірнеше жоба қолға алынып отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыссушар» РМК директоры Қазбек Кенжеғалиевтің айтуынша, оңтүстік аудандарда құрғақшылық биыл төртінші жыл қайталанып отырғандықтан, Сарыөзен мен Қараөзеннің суы едәуір азайды. Тек Жайық қана емес, өңірдің төрт ауданына тіршілік нәрін сыйлап отырған Сарыөзен мен Қараөзен де өз бастауын Ресейден алады. Шаған өзені де солай. Былайша айтқанда, су көзінің 80 пайызы көрші Ресейден келеді. Соңғы жылдары қардың аз түсуі, су тасқынының болмауы облыс көлемінде күрделі ахуал қалыптастырды.
Жыл сайын Ресейден Жәнібек, Сарыөзен мен Қараөзен су жүйесіне су алынып отыр. Оған қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Биылдан бастап көршіге тәуелділіктен құтылу бағытында бірнеше жоба қолға алынды. Оның біріншісі - Жайық-Көшім су жүйесінен Қараөзенге су айдау. Мұның жобалық құны - 333,7 млн. теңге. Қазір арықты тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы жылы Жайықтан 30 млн. текше метр су Қараөзенге айдалатын болады. Сонда Ресейдің Еділ өзенінен берілетін суға деген тәуелділік біршама төмендейді. Екіншісі - Жаңақала ауданындағы Айдархан су қоймасын қалпына келтіру жобасы. Бұған 212,05 млн. теңге қаралған. Осы су қоймасы 2010 жылы пайдалануға берілмек. Мұнда 53 млн. текше метр су қорын сақтауға мүмкіндік туады. Үшіншісі - Жаңақала ауданындағы Жаңажол ауылы тұсынан Қараөзеннен Сарыөзенге су құятын плотина салып, арық қазу. Бұған 291,9 млн. теңге қаржы жұмсалады. Төртіншісі - Жайық-Көшім су жүйесінен Киров-Шежін каналы арқылы Қараөзеннің жоғарғы жағына су жіберу. Жобаның құны - 3600 млн. теңге. Бұл канал іске қосылғанда Қараөзенге Жайықтан жылына 15 млн. текше метр су айдалады. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.