Өңірде сыбайлас жемқорлықпен күрес ұдайы жүргізіліп келеді

ОРАЛ. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің аймақтық бағдарламасы жасалып, толығымен іске асырылды.
None
None

Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің шешімімен бекітілген іс-шаралар жоспары арқылы жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мақсотов мәлім етті.

Оның айтуынша, облыс әкімдігінің 2008 жылғы ақпанның 11-індегі №25 қаулысымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша аймақтық комиссия жаңа құрамда бекітілді. Оның құрамына облыстағы құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар енгізілді. Осы бағытта аймақтық комиссиялар Орал қаласы мен аудандарда да құрылып, жұмыс жасауда. Комиссия отырыстарында мемлекеттік органдар басшыларының, аудан әкімдерінің сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, алынып жатқан шаралардың тиімділігі жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылғы сәуірдің 22-сіндегі «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» №793 Жарлығына сәйкес, облыста сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жұмыстар жандана түсуде.

Биылғы ақпанның 17-сінде аймақтық комиссияның кеңейтілген отырысында сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары туралы мәселе қаралды, оның қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданды.

Республика аумағында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарының қабылданғанына елеулі уақыт өтсе де, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер арасында сол заңдарда көрсетілген талаптарды сақтамау фактілері жыл сайын орын алып отыр.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Орал қаласы бойынша - 28, Бөрлі ауданында - 16, Зеленовта - 15, Қаратөбе мен Теректіде 7 сыбайлас құқық бұзушылық фактілері тіркелген. Сондай-ақ жыл басынан бері 16 пара алу, 34 қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, 21 сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету фактілері орын алды. Өз қызмет өкілеттігін теріс пайдалану Орал қаласында - 14, Зеленов ауданында - 9, Сырымда - 3, Жаңақала және Тасқала бойынша 2 фактіге дейін жетіп отыр.

Жалпы, мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыру арқылы қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту бағытында облыста тиісті шаралар атқарылуда.

Өңірде «Нұр Отан» партиясының барлық облыстық, қалалық, аудандық бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер құрылып, оның құрамына партиялық актив, өңірге танымал үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ, ардагерлер және жастар ұйымдарының өкілдері енгізілді.

Күні бүгін барлық әкімдіктердің алдында арнайы жәшіктер орнатылған. Облыста мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметіндегі тәртіп мәселелері де қатаң бақылауда. Әрбір мекемеде «сенім телефондары» жұмыс істейді, азаматтардың арыз-шағымдарына арналған жәшіктер орнатылған.

Соңғы жаңалықтар